Accessibility links

Дональд Трамп "барлық америкалықтың президенті" болуға уәде берді


Дональд Трамп әйелі Мелание және ұлы Бэронмен бірге сайлау нәтижесі жарияланғаннан кейінгі митингіде. Нью-Йорк, АҚШ, 9 қараша 2016 жыл.
Дональд Трамп әйелі Мелание және ұлы Бэронмен бірге сайлау нәтижесі жарияланғаннан кейінгі митингіде. Нью-Йорк, АҚШ, 9 қараша 2016 жыл.

АҚШ президенті болып сайланған Республикашыл партия өкілі, миллиардер Дональд Трамп америкалықтарды "біртұтас ұлт ретінде бірігуге" шақырды. Манхэттендегі өз қонақүйінің салтанат залында жақтастары алдында сөйлеген Трамп "барлық америкалықтың президенті" болатынын және "ұятқа қалдырмайтынын" мәлімдеді.

Дональд Трамп қарсыласы, Демократиялық партия атынан сайлауға түсіп, жеңіліп қалған Хиллари Клинтонмен телефонмен сөйлескенін, оның жеңілісін мойындағанын айтты. Трамп Клинтонға сайлауалды бәсекені өте тартысты өткізгені және елге көп жыл бойы қызмет еткені үшін алғысын білдірді.

Трамптың жеңіске жеткені Висконсин штатындағы дауысты санау нәтижесінен соң айқындала түсті. Қазірге дейін Трамп сайлаушылар алқасында 289 дауыс жинады. Жеңіске жету үшін кандидат сайлаушылар алқасындағы 540 дауыстың 270-ін жинаса жеткілікті. Нью-Йоркте Трамптың жақтастары көшеге "Американы қайтадан ұлы ел жасаймыз!" деген жазуы бар бас киім киіп шығып, жеңісті атап өткен демонстрация жасады.

Хиллари Клинтонның сайлауалды штабының менеджері Джон Подеста оның мыңдаған жақтастары алдында Клинтонның көпшілік алдында мәлімдеме жасамайтынын жариялады.

Клинтон Калифорния, Нью-Йорк, Иллинойс штаттарында, солтүстік-шығыс штаттардың көпшілігінде және өзінің серігі, вице-президенттікке кандидат Тим Кейннің туған Вирджиния штатында жеңген. Ол 19 штатта және Колумбия округінде жеңіп, сайлаушылар алқасында 218 дауыс жинады. Ал Трамп 26 штатта көпшілік дауысқа ие болды.

Әлі Миннесота, Мичиган, Нью-Гэмпшир, Аризона және Аляска штаттарында дауысты санап жатыр. Дегенмен, бұл штаттардағы дауыс сайлау қорытындысына әсер ете алмайды.

XS
SM
MD
LG