Accessibility links

Парижде бір жыл бұрын болған терактілер құрбандарын еске алды


Франция президенті Франсуа Олланд (ортада) бір жыл бұрын болған теракт құрбандарына қойылған мемориалдық тақтайшаның ашылу рәсіміне қатысып тұр. Париж, 13 қараша 2016 жыл.
Франция президенті Франсуа Олланд (ортада) бір жыл бұрын болған теракт құрбандарына қойылған мемориалдық тақтайшаның ашылу рәсіміне қатысып тұр. Париж, 13 қараша 2016 жыл.

Парижде жексенбі күні 2015 жылғы 13 қарашада болған терактілер салдарынан қаза тапқан 130 адамды еске алуға арналған қаралы шаралар өтті. Террорлық шабуылдар болған жерлерге мемориалдық белгілер қойылды.

Қаралы рәсімге Франция президенті Франсуа Олланд және Париж мэрі Анн Идальго қатысты. Париж мэриясы алдына жиналған қала тұрғындары теракт құрбандары құрметіне әуеге шарлар ұшырды. Осының қарсаңында, сенбі күні былтыр қарашада шабуыл жасалған орындардың бірі – «Батаклан» концерт залы арада бір жыл өткенде қайта ашылған болатын. Британ әншісі Стингтің концерті алдында жиналғандар былтыр осы залда қаза тапқан 90 адамды бір минут үнсіздікпен еске алған.

2015 жылғы қарашаның 13-і күні Парижде үйлестіріліп жасалған бірнеше террорлық шабуыл салдарынан кемінде 130 адам қаза тауып, 350-ге жуық адам зардап шеккен. Алғашқы шабуыл Париждің іргесінде жасалды – спорт ойынын тамашалауға келген жұртқа толы «Стад де Франс» стадионында үш жанкешті жарылғыш затты іске қосқан. Арада бірнеше минут өткенде терроршылар Парижге көрші округте екі кафеде отырған адамдарға оқ жаудырған. Кейінірек Париждегі тағы бір кафеде жарылыс болған. Ең соңында қарулы экстремистер «Батаклан» концерт залындағы адамдарды кепілге алған. Клубты босату операциясы бірнеше сағатқа жалғасқан.

Париждегі бұл террорлық шабуылдарға жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы өзіне алған. Осы шабуылдардан кейін Франция билігі елде төтенше жағдай тәртібін енгізіп, кейін оның мерзімін 2017 жылғы қаңтарға дейін ұзартқан.

XS
SM
MD
LG