Accessibility links

Болгария премьер-министрі отставкаға кетпек


Болгария премьер-министрі Бойко Борисов.
Болгария премьер-министрі Бойко Борисов.

Болгария премьер-министрі Бойко Борисов президент сайлауында өзінің кандидаты Цецка Цачева ресейшіл бәсекелесі Румен Радевтен жеңілген соң отставкаға кететінін жариялады.

Оңшыл Бойко Борисов 13 қарашада өткен президент сайлауының екінші кезеңіне дауыс беруден соң журналистерге отставкаға кету туралы 14 немесе 15 қарашада ресми түрде өтініш беретінін айтты. Оның сөзінше, "сайлау нәтижелері басқарушы коалиция енді көпшілік дауысқа ие емес екенін көрсетеді".

Борисов отставкаға кетсе, 2017 жылы көктемде мерзімінен бұрын сайлау өтуі және елде жаңа саяси дағдарыс басталуы мүмкін. Борисов екі жыл бұрын ғана екінші мерзім премьерлік қызметіне кіріскен еді.

13 қарашада өткен сайлауда алдын ала болжам бойынша, Болгария әскери-әуе күштерінің бұрынғы қолбасшысы, Социалистік партия қолдайтын тәуелсіз кандидат Румен Радев 60 пайыз дауыс жинаған. Қарсыласы Цецка Цачева 35 пайыз дауыс жинаған.

Сарапшылар Радевтің күтпеген жерден жеңіске жетуі Болгарияны Ресейдің саяси ықпал аймағына қайта оралтуы мүмкін дейді. Соңғы уақытта ресейшіл кандидаттарды қолдау тенденциясы Еуропа Одағына деген скептицизм артып бара жатқан Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде жиі байқалып жүр. Болгарияда президент көбінесе формалды қызмет атқарғанымен саяси шешімдер қабылдауда біршама ықпалы бар.

XS
SM
MD
LG