Accessibility links

Ташкент Бішкекпен шекараның даулы тұстарына қатысты келіскенін айтады


Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы шекара мен оның даулы аймағы көрсетілген карта.
Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы шекара мен оның даулы аймағы көрсетілген карта.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) Қырғызстанмен мемлекеттік шекараның кейбір даулы бөліктеріне қатысты ұстанымдарында келісімге келгенін хабарлады. Министрлік сайтындағы ақпаратқа қарағанда, 8-13 қараша аралығында жоспар бойынша Ферғана қаласында Қырғызстан мен Өзбекстанның шекара делимитациясы және демаркациясы жөніндегі жұмысшы топтарының кездесуі өткен. Онда Өзбекстанның Әндіжан, Наманған және Фарғана облыстарымен шектес Қырғызстанның Баткен, Жалал-Абад және Ош облыстары аумағындағы мемлекеттік шекараның бұрын келісілмеген 14 бөлігінде зерттеу жүргізіп, топографиялық сызба жасалатыны туралы айтылады. Өзбекстан СІМ жеті участок бойынша уағдаластық жасалғанын айтады.

Қырғызстан СІМ ресми сайтында әзірге Өзбекстанмен шекара делимитациясы бойынша жұмысшы топтарының кездесуі туралы ақпарат жариялаған жоқ.

Қырғыз-өзбек шекарасының жалпы ұзындығы 1378 километрге жетеді. Оның 320 километрі әлі нақтыланбаған. Осының себебінен шекаралас аудандарда даулы жерлерге қатысты ара-тұра түрлі жанжал болып тұрады.

2016 жылдың қыркүйегінен бері Қырғызстан мен Өзбекстан арасында ынтымақтастықтың арта бастағаны байқалады. Екі елдің шекара мәселесіне қатысты жұмысшы топтары ендігі бірнеше рет кездесіп үлгерді.

XS
SM
MD
LG