Accessibility links

Алматы облысында ағайынды үш кісінің өлімі бойынша сот тыңдауы басталды


Алматы облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).
Алматы облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Алматы облыстық сотында Көксу ауданының тұрғындары, мал сатумен айналысқан ағайынды кісілердің өліміне қатысты қылмыстық істің алдын ала тыңдауы өтті. Ағайынды үш ер адам - Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлықанұлы мен Қадылбек Әлімхан осы күзде жоғалып, кейін өлі күйінде табылған.

Бұл іс бойынша сотқа күдікті ретінде үш адам тартылып жатыр. Олардың екеуіне пайдакүнемдік пиғылмен алдын ала сөз байласу арқылы кісі өлтірді, қарақшылық жасады, бөтеннің көлігін заңсыз иеленіп алды, бөтеннің мүлкін қасақана өртеп жіберді деген айыптар тағылған. Тағы бір адам қылмыс туралы хабарламады деп айыпталып отыр.

Көксу ауданының тұрғындары, жеті жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға көшіп келген оралман үш азамат - Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы және Қадылбек Әлімхан 18 қыркүйекте Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы базарға мал сатуға келген соң жоғалып, бірнеше күннен соң сүйектері табылған.

Ағайынды кісілердің өлімі қоғамда резонанс тудырып, қыркүйекте ондаған адам полиция ғимаратына кісі өліміне кінәлілерді табуды талап етіп жиналды. Кейін полиция екі күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев 27 қыркүйекте ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа үш кісінің өлімін тергеу барысын бақылауға алуды тапсырған.

XS
SM
MD
LG