Accessibility links

Ресейде экономикалық даму министрі Алексей Улюкаев ұсталды


Алексей Улюкаев, Ресейдің экономикалық даму министрі.

Алексей Улюкаев, Ресейдің экономикалық даму министрі.

Ресейде экономикалық даму министрі Алексей Улюкаев ұсталып, оған қатысты "аса ірі көлемде пара алды" деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады елдің федералдық тергеу комитеті.

Комитеттің хабарлауынша, Улюкаев федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) "кешенді тергеу шараларының нәтижесінде" ұсталған.

Тергеу комитетінің хабарламасында Улюкаев "экономикалық даму министрлігінің "Роснефть" компаниясына "Башнефть" компаниясының 50 пайыз акциясын иеленуіне оң баға бергені үшін 2 миллион доллар пара алғаны" айтылады. Ресми мәлімет бойынша, таяуда Алексей Улюкаевқа ресми айып тағылып, бұлтартпау шарасын тағайындау туралы өтініш берілуі мүмкін.

12 қазанда Ресейдегі ең ірі "Роснефть" компаниясы "Башнефть" компаниясы акциясының бақылау пакетін 330 миллиард рубльге сатып алған. Акцияны сатып алу туралы сауда болмаған.

2014 жылға дейін "Башнефть" компаниясы акциясының бақылау пакеті "Система" компаниясына тиесілі болған. Бірақ кейін "Системаның" директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Евтушенкоға қарсы іс қозғалған. Тергеу мәліметінше, Евтушенко "Башнефть" акциясын заңсыз сатуды жоспарын ұйымдастырған. Сот шешімі бойынша компания мемлекет меншігіне өткен.

Алексей Улюкаев 1990 жылдардың басында Егор Гайдардың командасына кірген, әуелі үкіметте кеңесші болып, кейін лауазымды қызметтер атқарған. Ол 2000 жылдары қаржы министрі Алексей Кудриннің орынбасары болды, орталық банкте қызмет істеді.

XS
SM
MD
LG