Accessibility links

Ұлыбритания үкіметі Brexit туралы үш жолдан тұратын заң жобасын дайындады


Вестминистр сарайы мұнарасының фонында тұрған Ұлыбритания туы (Көрнекі сурет).
Вестминистр сарайы мұнарасының фонында тұрған Ұлыбритания туы (Көрнекі сурет).

Ұлыбритания министрлер кабинеті Лондон сотының елдің Еуропа Одағынан шығуы үшін парламенттің келісімі қажет деген қаулысына қарсы апелляциялық шағымды Жоғарғы сот қабылдамай қойған жағдайға арнап заң жобасын даярлады.

Brexit туралы заң жобасы үш азат жолдан тұрады. BBC-дің хабарлауынша, Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Лиссабон келісімінің ЕО-дан шығу туралы 50-бабын үкімет белгілеген мерзімде іске асыра бастау үшін наурызға дейін парламенттің келісімін алып үлгеруі тиіс.

Министрлер заң жобасын егер үкімет Жоғарғы сотта жеңіліп қалған жағдайда іске асырамыз деп даярлаған. BBC-дің дереккөзі жобаның ықшам екендігі соншалықты, депутаттардың оған өзгерістер енгізуі өте қиын болмақ.

Бұған дейін Ұлыбританияның ЕО-дан шығу туралы нақты жоспары жоғы және келіссөз жүргізу стратегиясы осы күнге дейін жасалмағаны туралы ақпарат шыққан. БАҚ-қа әшкере болған меморандумда үкімет алты ай бойы мұндай жоспарын келісе алмағаны айтылған.

The Times пен BBC-ге түскен меморандумда үкімет Еуропа Одағынан шығуға қатысты 500 жобамен жұмыс істеп жатқаны және оның барлығын орындау үшін қосымша 30 мың мемлекеттік қызметкер қажет болуы мүмкін екені келтірілген. Дегенмен, құжатта "министрлер кабинетіндегі қайшылықтан" одақтан шығудың ортақ стратегиясы жоғы айтылған.

Үкіметтің баспасөз хатшысы аты-жөні аталмаған кеңесшінің үкіметке арнап дайындаған меморандумында жасалған мәлімдемені "мойындамайтынын" мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG