Accessibility links

Қожамжаров: Ғабдуллиннің ұсталуына қатысты толық мәлімет кейінірек болады


Бигелді Ғабдуллин, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz сайтының шығарушысы

Бигелді Ғабдуллин, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz сайтының шығарушысы

Мемлекеттік қызмет істері және коррупцияқа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров бүгін Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz сайтының шығарушысы Бигелді Ғабдуллиннің ұсталғанына байланысты пікір білдірді. Парламентте мемлекеттік қызмет туралы заңға түзетулерді талқылаған жиынының арасында Қожамжаров Ғабдуллинге қатысты тергеу енді басталғанын, "егжей-тегжейлі ақпарат кейінірек болатынын" айтты.

Қожамжаров журналистерге Ғабдуллиннің мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына өзінің медиа ресурстарын пайдаланып бопса жасады деген күдікке ілінгенін айтты. Ол Ғабдуллиннің Жамбыл облыстық әкімдігі қызметкерлерінің арызы бойынша ұсталғанын да жеткізді. Ғабдуллин 14 қарашада Астанада ұсталған. Әзірге оған қатысты бұлтартпау шарасы белгіленбеген.

Коррупцияға қарсы қызметтің ұйғарымынша, 61 жастағы Ғабдуллин өзіне қарасты БАҚ-ты пайдаланып мемлекеттік органдардың басшыларына олардың "іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдар жариялау жолымен" ақпараттық шабуыл жасаған. Кейін ол лауазымды тұлғалардан "сыни жарияланымдарды" тоқтату үшін өз ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырысты бопсалаған.

Central Asia Monitor пен Radiotochka.kz редакциялары 15 қарашада Бигелді Ғабдуллиннің ұсталғанын растап, әзірге оған қатысты соңғы оқиғаларға комментарий бере алмайтынын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG