Accessibility links

Зерттеу: Кедей елдердің халқы гипертонияға көп шалдыққан


Науқас пен оның қан қысымын өлшеп отырған дәрігер (Көрнекі сурет).

Науқас пен оның қан қысымын өлшеп отырған дәрігер (Көрнекі сурет).

Әлемде қан қысымы жоғарылық дертіне (гипертонияға) ұшыраған адамдардың саны соңғы 40 жылда екі еседей артты деп хабарлады Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ). Ұйым жүргізген есеп бойынша, әлемде гипертониядан 1,1 миллиард адам зардап шегеді.

ДДСҰ ғалымдары бүгін 1975-2015 жылдары аралығында жүргізген зерттеуінің қорытындысын жариялады. Зерттеуге 200 мемлекеттен 20 миллионға тарта адам қатысқан. Зерттеу қорытындысы гипертониямен ауыратын адамдар саны ауқатты елдерде күрт азайғанын көрсетеді. Бұл дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын ұстанумен, сапалы медициналық қызмет көрсетумен байланысты болуы мүмкін.

Кедей елдерде қан қысымы жоғарылаудан зардап шегетіндер саны артқан. Гипертониямен ауыратын адамдардың көбейгені әсіресе Африка мен Оңтүстік Азия елдерінде ерекше байқалған. Зерттеушілердің есебінше, Қытайда - 226 миллионға жуық, Үндістанда 200 миллионға жуық адам гипертониямен ауырады.

Гипертония сонымен қатар Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің денсаулық сақтау саласында да күрделі мәселе болып отыр. Бұл аймақ халқының үштен бірінен көбі гипертонияға шалдыққан.

Зерттеу мәліметінше, тұрғындары гипертонияға ең аз шалдыққан елдер - Оңтүстік Корея, АҚШ пен Канада.

Гипертония қан тамырларына, жүрекке, ми мен бүйрекке қосымша ауырлық тудырады. Қан қысымының жоғарылауы - инсульт пен инфаркке соқтыратын, кең таралған жүрек-қан тамырлары ауруларының бірі. Әлемде жыл сайын 7,5 миллионнан астам адам гипертониядан қайтыс болады.

XS
SM
MD
LG