Accessibility links

Боқаев–Аян сотында «ақша оралған» футболка да сөз болды


Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.
Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Атырауда белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында адвокаттардың өтініші бойынша Атырау облыстық сот экспертизасы орталығының сарапшысы Ғалия Хасанова куәлік етті.

Бұған дейін семейлік белсенді Марлан Еселбаевтан «табылды» делінген, шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің «ақшасы оралған» футболка мен сөмкеге одорологиялық-биологиялық сараптама жасау ұсынылған еді. Ғалия Хасанованың айтуынша, заттай айғақ - футболка жуылмаса немесе химиялық тазалауға түспесе оның кімге тиесілі екенін анықтауға болады.

Прокурор Қасым Садықов қарсылық білдіріп, "футболка заттай айғақ ретінде дұрыс сақталмағанын, оны түрлі адамдар ұстағанын" ескертті. Оның қостаған судья Гүлнәр Дәулешова футболканың Атырау мен Астана арасында бірнеше мәрте тасымалданғанын айтып, бұл жағдайда қалай сараптама жасауға болатынын сұрады. Сарапшы "биологиялық зерттеуге оның қалай сақталуы маңызды емес, бастысы - су тиюден сақталуы, жуылмауы, химиялық тазаланбауы керек" екенін қайталап мәлімдеді.

Сотқа тартылып жатқан белсенді Талғат Аян судьядан футболканы киіп көруге рұқсат етуді өтінді. Судья оған рұқсат етпей, сот процесіндегі мәлімдемелерге өз бағасын беретінін айтты.

Сәрсенбі күнгі сот отырысында адвокат Төлепқали Аянов Боқаев пен Аянға тағылған «билікті күштеп құлатпақ болды» (179- бап 2- тармагы) бабы 21 шілде күні Атырау облыстық ҰҚК 9- басқарма бастығы А.Әбуғалиевтің қаулысымен толық алынып тасталғанын айтқан. Оның сөзінше, бұған дейінгі 179-бап бойынша тағылған «жер кодексіндегі өзгерістер туралы теріс түсінік таратты», «Атырау облысы тұрғындары арасында негативті пікір қалыптастырды», «митинг ұйымдастыру үшін Алматыға, Ақтөбеге,, Оралға, Құлсарыға барды» тәрізді басқа да көптеген айыптарды сол қалпы «ұлттық, әлеуметтік алауыздық таратты» деген басқа бапқа ауыстыра салған.

- Егер 179-бап қысқартылса, оған қатысты айыптар толық жойылуы тиіс. Сондықтан ол айыптардың қалдырылып, тек баптың атының өзгеруі сот ісінің заңсыздығын көрсетеді, - дейді Төлепқали Аянов.

Прокурор Марат Хабибуллин бап қысқартылғанымен қылмыстық қуадалаудың тоқтатылмағанын айтты.

Судья Гүлнәр Дәулешова бұл мәселені ашық қалдырып, кейін бөлек бөлмеде шешім қабылдайтынын мәлімдеді.

Сот процесі сотталушылардан жауап алу арқылы жалғасып жатыр.

Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян Атырауда биыл сәуірдің 24-і күні үкіметтің жер реформасына қарсы өткен жаппай наразылық шеруінен кейін көп ұзамай тұтқындалған.

XS
SM
MD
LG