Accessibility links

Прокуратура: Тұрмыстық зорлық құрбандары әлсіз топқа айналды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына өздеріне қорлық көрсеткендерді жазалауы заңнамаға өзгерістер енгізілуіне байланысты қиындады деп мәлімдеді бүгін парламент жиынында бас прокурор Жақып Асанов. Ол тұрмыстық зорлық жасаушыларды жауапқа тартудың қиындығы мәселесі екі жыл бұрын әкімшілік кодекстен "сабау" туралы бапты қылмыстық кодекске ауыстырғанымен байланысты жекенін айтады.

Бас прокурордың сөзіне қарағанда, 2014 жылы - жаңа кодекс қабылданғанға дейін отбасылық зорлық ісі бойынша алты мың адам жауапқа тартылса, өткен жылы бұл көрсеткіш он есеге азайғанын айтады.

- Бұл мәселе - біздің қылмыстық кодекстегі үлкен кемшілік және біз оны мойындаймыз. Тұрмыстық зорлық құрбандары қазір өзіне қарсы қылмыс жасалғанын өздері дәлелдеуі тиіс. Жазалауды қатаңдатамыз деп ойлағанбыз, бірақ зорлық құрбандары бұрынғыдан да әлсіз топқа айналды. Себебі қылмысты дәлелдеудің бар ауыртпалығы құрбанның өзіне түсті. Полиция істен өздігінен қағылды, себебі заң бойынша оның мұндайға хақы жоқ. Яғни, құрбан куәгерді, қылмысты білетін адамды өзі тауып, түсініктерді жинауы тиіс және одан бөлек сотта өзіне зорлық көрсетілгенін дәлелдеуі шарт, - деді Жақып Асанов.

Бас прокурор бұған дейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша зорлық көрсеткен адамды бірден 15 тәулікке жабатынын және ол адамның жасаған ісі туралы ойлануға уақыты жеткілікті болғанын айтты.

Қолданыстағы қылмыстық кодекс пен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 2014 жылы қабылданып, 2015 жылдың қаңтарында күшіне енген.

XS
SM
MD
LG