Accessibility links

Париж келісімін мақұлдаған ондаған ел "жасыл энергетикаға" көшуге ниетті


Қытайдағы көмірмен жұмыс істейтін электр станциялары. Шаньси провинциясы, 26 қараша 2015 жыл.

Қытайдағы көмірмен жұмыс істейтін электр станциялары. Шаньси провинциясы, 26 қараша 2015 жыл.

Климаттың өзгеруі мәселесіне қатысты Мароккода өткен БҰҰ-ның дүниежүзілік конференциясында әлемнің 200-ге жуық елі Париж келісімін жүзеге асырудың іс-қимыл жоспарын жасады деп хабарлайды БҰҰ радиосы. Ондаған ел 2050 жылға қарай жаңғырмалы энергия көзіне толықтай көшуді қамтамасыз ету жұмыстарына кірісуге дайын екендерін мәлімдеген. Бұл ғаламдық жылынуды бір жарым градустан асырмауға мүмкіндік бермек.

Дүниежүзілік конференцияға қатысушылар АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трампты климат жөніндегі Париж келісімінен шықпауға шақырған. Сайлауалды науқаны кезінде Трамп президент болып сайланса Париж келісімінен бас тартатыны және ғаламдық жылынудың алдын алуға бағытталған БҰҰ бағдарламаларына төлем жасауды тоқтататыны туралы мәлімдеген. Оның сөзінше, ауаға көп мөлшерде зиянды заттар бөлетін Қытай келісім бойынша міндеттемелерін орындамай отырғандықтан, АҚШ үшін аталған құжаттың пайдасы жоқ.

2015 жылғы желтоқсанда қол қойылған климат жөніндегі Париж келісімі қатысушы мемлекеттерді атмосфераға шығаратын парник газы көлемін қысқартуға немесе тұрақтандыруға міндеттейді. Жердегі ауа температурасының көтерілуіне жол бермеу мақсатын көздейтін келісімге сәйкес, 2020 жылдан бастап дамушы мемлекеттерге жыл сайын климатты сақтауға байланысты технологиялық және өнеркәсіптік мұқтаждығына 100 миллиард доллар қаржы бөлу қарастырылған.

XS
SM
MD
LG