Accessibility links

Прокурор Боқаев пен Аянды 8 жылға соттауды сұрады


Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян сотының жарыссөзінде отырған адамдар. Атырау. 21 қараша, 2016 жыл.
Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян сотының жарыссөзінде отырған адамдар. Атырау. 21 қараша, 2016 жыл.

Бүгін Атырауда қоғамдық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында жарыссөз өтіп жатыр.

Жарыссөзде прокурорлар Қасым Садықов пен Марат Хабибуллин Боқаев пен Аянға тағылған "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деп айыптап, "олардың кінәлары толық дәлелденгенін" айтты.

Прокурор Макс Боқаевқа сегіз жыл бас бостандығынан айыруды, үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қою және 250 мың теңге айлық көрсеткіш есебінде айыппұл салуды сұрады. Мемлекеттік айыптаушылар Аянды да сегіз жылға соттауды, үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қоюды және 250 теңге айлық көрсеткіш есебінде айыппұл белгілеуді сұрады.

Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян Атырауда биыл сәуірдің 24-і күні үкіметтің жер реформасына қарсы өткен жаппай наразылық шеруінен кейін көп ұзамай тұтқындалған.

Кейіннен ҰҚК жер реформасына қарсы митингілерді шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов «қаржыландырды» деп мәлімдеді. Қазанның 12-сі күні басталған Атыраудағы сот процесінде «билікті күшпен басып алмақ болды» деп айыпталып, қамауда отырған бизнесмен Төлешов «Талғат Аянға ақша беріп жібергенін» баяндады.

Екі белсендіге қылмыстық кодекс бойынша «әлеуметтік араздық тудыру», «жалған ақпарат тарату» және «митинг өткізу тәртібін бұзу» айыптары тағылған болатын. Айыпталушы Макс Боқаев пен Талғат Аян өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды, куәлер жауабын теріске шығарады.

XS
SM
MD
LG