Accessibility links

Шымкент соты Жанысбаевтар пәтері дауын қарай бастады


Қасымхан Жанысбаев отбасымен бірге. Шымкент, 31 тамыз 2016 жыл.

Қасымхан Жанысбаев отбасымен бірге. Шымкент, 31 тамыз 2016 жыл.

Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты пәтерлерінен шығарылуы тиіс болған Жанысбаевтар отбасының банк пен сот орындаушысының үстінен түсірген шағымын қарай бастады.

Шағымданушылардың бірі Қасымхан Жанысбаевтың Азаттыққа хабарлауынша, өзімен бірге төрт бауыры Эльмира, Нұрхан, Жеңіс, Есімхан Жанысбаевтар әке-шешелерінен қалған баспананы сатып жібергені үшін жеке сот орындаушысы Нұрахан Тұранов пен «АФ Ипотека» акционерлік қоғамы үстінен шағым түсірген.

– Банктен пәтерімізді кепілге қойып несие алғаным рас. Оны төлеуден бас тартпаймын. Алайда үйдің меншік иесі – тек мен ғана емес, бес адам. Сондықтан сот орындаушысы мен «АФ Ипотека» пәтерді сотып жіберместен бұрын бауырларымның да үлесін есепке алу керек еді, – дейді Қасымхан Жанысбаев.

Жанысбаевтар отбасының адвокаты Гүлайша Мүсілтаеваның сөзінше, сотта судья Ермек Есіргепов төрағалық етіп жатыр. Бүгін алдын ала тыңдау өткен. Екі жақтың уәжін тыңдаған сот сот отырысын 30 қарашаға қалдырған.

– Қазірге бұл іс бойынша қандай да бір болжам айту қиын. Тек бір ғана сөз – бір меншік иесінің несиесі үшін төрт адамның үлесін бірге сату – үлкен заңсыздық, – дейді адвокат.

Адвокат жәбірленушілер соттан пәтердің 2014 жылдың 25 қыркүйегінде өткізілген электронды сауда-сатықтың күшін жоюды және жеке сот орындаушысы Нұрахан Тұрановтың әрекетін заңсыз деп табуды сұрап жатқанын хабарлады.

Сот отырысына қатысқан «АФ Ипотека» акционерлік қоғамының Шымкенттегі филиалының заңгері Дмитрий Лебедев Азаттыққа «арнайы ресми сұрау хат жібермейінше қандай да бір комментарий бере алмайтынын» айтты. Ал жеке сот орындаушысы Нұрахан Тұрановпен хабарласу мүмкін болмады.

Мүмкіндігі шектеулі баласын емдету үшін банктен несие алып, оны өтей алмағанын айтқан Қасымхан Жанысбаев пен оның зайыбы Қарлығаш Садырбаева тамызда сот орындаушылары пәтерлерінен шығаруға барғанда өздеріне қол салуға әрекеттенген еді. Ал сот орындаушылары баспанадан шығару жұмысын заң шеңберінде жүріп жатқандарын айтқан.

14 қыркүйекте Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты Жанысбаевтарды пәтерден шығаруды үш айға шегеру туралы шешім еткен.

XS
SM
MD
LG