Accessibility links

Фидель Кастроның қайтыс болғаны хабарланды


Фидель Кастро. Гавана, 7 тамыз 2010 жыл.

Фидель Кастро. Гавана, 7 тамыз 2010 жыл.

Кубаның мемлекеттік ақпарат құралдары осы елдің бұрынғы басшысы Фидель Кастроның 91 жасқа қараған шағында қайтыс болғаны туралы хабарлап жатыр.

«Куба революциясының бас қолбасшысы қарашаның 25-і күні сағат 22:29 кезінде қайтыс болды», - деп хабарлаған Куба президенті Рауль Кастро мемлекеттік телеарнадан.

1959 жылы қарулы төңкеріс нәтижесінде билікке келген Фидель Кастро елу жылға жуық ел басқарды. Кастро үкіметінің экономикалық саясаты халықтың тұрмысын жақсарта алмады. Куба әлемдегі кедей елдердің біріне айналды.

Ауыр науқасқа шалдыққаннан кейін 2008 жылы ол билікті інісі Рауль Кастроға беріп, содан бері көпшіліктің көзіне түсе бермейтін. Соңғы рет Фидель Кастро биыл тамыздың 13-і күні өзінің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысқан кезде жұртқа көрінген.

Куба үкіметі Фидель Кастроның денсаулық жағдайына байланысты сараң мәліметпен шектелетін.

Фидель Кастро билікке келген соң Куба мен АҚШ арасында дипломатиялық байланыс үзіліп, тек былтыр, 2015 жылы қайта орнаған.

Кастро билігі СССР-мен тығыз қарым-қатынас орнатты. 1962 жылы күзде СССР-дің Кубаға атом қаруы бар зымырандарды орналастыруы тарихта «Кариб дағдарысы» деген атаумен белгілі саяси дағдарысқа алып келген еді. Сарапшылар бұл дағдарыс кезінде әлем дүниежүзілік ядролық соғысқа шақ қалған деп сипаттайды.

Халықаралық құқыққорғаушы ұйымдар мен демократиялық елдер Фидель Кастроны Кубада саяси қарсыластарын аяусыз жазалап, адам құқықтарын аяққа таптайтын диктаторлық билік жүйесін орнатқаны үшін сынға алған.

XS
SM
MD
LG