Accessibility links

Украинада Голодомор құрбандарын еске алды


Голодомор құрбандарын еске алу шарасы. Киев, 26 қараша 2016 жыл.

Голодомор құрбандарын еске алу шарасы. Киев, 26 қараша 2016 жыл.

Украинада қарашаның 26-сы күні совет билігі тұсында, 1932-1933 жылдары болған жаппай ашаршылық - Голодомор құрбандарын еске алу шаралары өтті. Украина ашаршылық құрбандарын еске алу күні жылда қарашаның төртінші сенбісінде атап өтеді. Киевтегі Птуха атындағы демография және әлеуметтік зертеулер институтының мәліметі бойынша, Голодомор кезінде Украина территориясында 4 миллионға жуық адам, яғни республика халқының 13 пайызы аштықтан қаза болған.

Киевтегі Голодомор құрбандарына қойылған ұлттық мемориал алдына сенбі күні жүздеген адам жиналып, ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін «Шырақ жақ» акциясы өтті. Мемориал жанындағы қаралы шараларға Голодомор куәгерлері, мемлекет жетекшілері, шетелдік дипломаттар, қоғамдық белсенділер қатысты. Түрлі діни конфессиялар өкілдері жаппай ашаршылықта құрбан болғандарға дұға бағыштады.

Голодомор құрбандарын еске алу шарасынан видео:

«Отыз екі мен отыз үшінші (жылдар – Азаттық.) бізді майыстырды, бірақ сындыра алмады. Біз ашаршылық азабына ұшыраған миллиондаған украин боздақтары алдындағы қасиетті парызымызға адал болуға – біртұтас, тәуелсіз, ынтымақты Украинаны сақтауға тиіспіз» деп жазды Украина президенті Петр Порошенко Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына.

2006 жылы қарашаның 28-і күні Украина Жоғарғы Радасы қабылдаған «Украинадағы 1932-1933 жылдардағы Голодомор туралы» заңда украин халқының ашаршылықтан қырылуы геноцид деп танылған. Голодоморды әлемнің 23 еліне ресми түрде геноцид деп таныған. 2008 жылы шілде айында бұл мәселені БҰҰ-да қарауға Ресей қарсылық білдірген. Мәскеу сталиндік режим ашаршылықты украиндарды жою мақсатымен саналы түрде жасамаған деп санайды.

XS
SM
MD
LG