Accessibility links

Ресей қорғаныс министрлігі Сирияда химиялық қаруды қолға түсіргенін мәлімдеді


Химиялық қару бөлшегі. Видеодан скриншот. (Көрнекі сурет.)
Химиялық қару бөлшегі. Видеодан скриншот. (Көрнекі сурет.)

Ресей қорғаныс министрлігі Сирияда қарулы топтар химиялық қару өндіруді қолға алған деп мәлімдеді. Сенбі күні ресейлік әскерилер құрамынан иприт (тыйым салынған улы газ - Азаттық) табылған қару бөлшегін химиялық қаруға тыйым салу ұйымы конвенциясын жүзеге асыру жөніндегі Сирия ұлттық органы өкілдеріне тапсырғаны хабарланды.

Ресей министрлігінің ақпаратында қарабайыр әдіспен жасалған әлгі минаны ресейлік әскери сарапшылар қарашаның 16-сы күні Алеппоның солтүстік-батыс жағында орналасқан Маррет-Умм-Хауш елді мекенінен тауып алғаны айтылған. Қаланың жекелеген аудандарын сириялық және күрд оппозициялық қарулы топтары, сонымен қатар «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының содырлары бақылауында ұстап отыр. Тыйым салынған химиялық қаруға нақты кім күдікті саналатыны туралы Ресей қорғаныс министрлігі ашып айтпаған.

Сирияда азаматтық соғыс басталғалы бері жанжалға қатысушы тараптар химиялық қару қолданды деп бұған дейін бірнеше рет бір-бірін айыптаған. Сириядағы химиялық шабуылдарға зерттеу жүргізген БҰҰ қауіпсіздік кеңесі жанындағы комиссия 2016 жылы күзде президент Башар Асад күштері үш рет және «Ислам мемлекеті» тобының бір рет химиялық қару қолданғаны анықталғаны туралы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG