Accessibility links

Игорь Додон: Молдова Еуропа Одағымен ассоциациядан бас тартпайды


Молдованың жаңадан сайланған президенті Игорь Додон.

Молдованың жаңадан сайланған президенті Игорь Додон.

Молдова Еуропа Одағымен ассоциация туралы 2014 жылғы келісімнен бас тартпайды. Бұл туралы елдің жаңадан сайланған президенті Игорь Додон Stirile TV телеарнасына сұхбатында мәлімдеген. Додонның сөзінше, оны қолдайтын социалистік партия бағдарламасында аталған келісімді жою туралы бап болғанымен, президенттің халықаралық келісімдердің күшін жоюға құзыреті жоқ.

Игорь Додон Молдованың Ресеймен экономикалық және стратегиялық байланыстарын қалпына келтірумен айналысатынын айтты. Ол Молдова, Еуропа Одағы және Ресейдің қатысуымен үшжақты келіссөздер жүргізу мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Молдованың жаңадан сайланған президенті елдің сыртқы саясаты бағытын азаматтардың өздері айқындауы үшін референдум өткізуге дайын екенін де мәлімдеген.

Қарашаның 13-і күні өткен президент сайлауы екінші кезеңінің нәтижесі бойынша, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 52 пайыздан астамы социалист Игорь Додонға қолдау танытқан. Сайлауалды науқан барысында Додон жеңіске жеткен жағдайда Кишинев пен Мәскеу қарым-қатынасын жақсартуға күш салуға уәде берген. Бұған дейін ол Ресей президенті Владимир Путинмен бірнеше рет кездескен.

XS
SM
MD
LG