Accessibility links

Мосул маңынан езидтерді жаппай көмген көр табылған


Дохуктегі езидтер лагері. Ирак, 14 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Дохуктегі езидтер лагері. Ирак, 14 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ирактағы Мосул қаласы маңында адамдарды жаппай көмген екі жерден елдегі діни азшылық өкілдері - 18 езидтің сүйектері табылған. Бұл орындар күрдтердің пешмерга жасағы исламшыл содырларды Мосулдан қуып тастаған соң анықталған. «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы мыңдаған езидті өлтірген және ұрлап әкеткен.

Күрдтердің пешмерга жасағы жауынгерлері Ирактың солтүстік-батысындағы Шабабит жол айырығы тұсын шолып жүргенде адамдар жаппай көмілген көрді байқаған. Бульдозермен топырақты итеріп, бетін жаба салған көрден құрбандардың сүйектері мен кейбірінің жеке құжаттары табылған.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы 2014 жылы жазда езидтер басым тұратын Синжар қаласын басып алған соң оларды жүйелі түрде өлтіріп, құлдыққа салып отырған. БҰҰ тергеушілері «Ислам мемлекеті» тобының езидтерге жасаған ісі геноцидке жатқызатыны туралы мәлімдеген.

Синжар мэрі соңғы табылған көрге дейін езидтерді осылай жаппай көмген 28 орын анықталғанын айтады. Оның пікірінше, исламшылдар басып алған аймақтарды азат ету барысында бұндай көрлер саны қырықтан асуы мүмкін.

Иракта бірнеше мың жылдық тарихы бар діни азшылықты құрайтын 400 мыңға жуық езидті исламшылдар «шайтанға табынушылар» деп қырғынға ұшыратқан. Ирактағы Күрдістан аймақтық үкіметінің қолдауымен құрылған Дохуктегі ұрланғандар ісі жөніндегі басқарманың есебі бойынша, «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы бақылауындағы аудандарда 3500-ге жуық езид тұрады.

XS
SM
MD
LG