Accessibility links

Михаил Саакашвилидің жаңа қозғалысы Киевте алғашқы шеруін өткізді


Михаил Саакашвили жаңа қозғалыс шеруінде сөйлеп тұр. Киев, 27 қараша 2016 жыл.

Михаил Саакашвили жаңа қозғалыс шеруінде сөйлеп тұр. Киев, 27 қараша 2016 жыл.

Украина астанасы Киевте бүгін Одесса облысының бұрынғы губернаторы, Грузия экс-президенті Михаил Саакашвили жетекшілік ететін «Рух новых сил» қозғалысы алғашқы шеруін өткізді. «Қазіргі биліктің соңғы қысы» деген ұранмен өткен акцияға, «Украинская правда» басылымының мәліметі бойынша, бірнеше мың адам қатысқан. Шеруде сөз сөйлеген Саакашвили қазіргі билікті өтірікші һәм жемқор деп айыптап, Украинада кезектен тыс сайлау өткізуді талап еткен.

«Жемқорлықты қалай жеңуге болатынын білетінім үшін мені жек көреді», - деп мәлімдеген Саакашвили.

Грузия экс-президенті «Рух новых сил» - Украинадағы жаңа саяси тап деп санайды. Оның сөзінше, «бұдан былай украин халқы елдің қай бағытта дамитынын өзі дербес айқындайды», ал үкімет «олигархтар алдында емес, ел алдында есеп беретін болады».

Қарашаның 7-і күні Саакашвили Одесса облысы губернаторы қызметінен отставкаға кететінін жариялаған. Ол Украина президенті Петр Порошенконың «өзі қолдап отырған» аймақтағы жемқорлыққа қарсы күресу мүмкін болмағандықтан осындай шешім қабылдауға мәжбүр екенін мәлімдеген. Кейін Саакашвили мемлекет басшысы өзін Украина азаматтығынан айырмақ ниетте деп хабарлаған.

XS
SM
MD
LG