Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Пхеньянға қарсы жаңа санкциялар салды


Солтүстік Корея ядролық қару сынағын өткізгені туралы хабарды телеарнадан көріп отырған адамдар. Сеул, Оңтүстік Корея, 20 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Солтүстік Корея ядролық қару сынағын өткізгені туралы хабарды телеарнадан көріп отырған адамдар. Сеул, Оңтүстік Корея, 20 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяның биыл қыркүйекте ядролық қару сынағын өткізгеніне жауап ретінде ол елге қарсы жаңа санкциялар енгізді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Пхеньянға қарсы санкциялар салу туралы шешімді Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 ел бірауыздан қолдаған. Шешімге сәйкес, Солтүстік Кореяның көмір, мыс, никель, күміс пен мырыш экспортына шектеу енгізіледі. Мамандар Пхеньян осы заттарды экспорттаудан түскен ақша есебінен ядролық бағдарламасын қаржыландырған деп санайды. Алдын ала есеп бойынша, санкциялар нәтижесінде Солтүстік Корея жылына 700 миллион долларға жуық ақшадан қағылады.

Солтүстік Корея 2006 жылы алғаш рет ядролық қару сынағын өткізгелі бері халықаралық қауымдастық Пхеньянға қарсы осы кезге дейін бес рет санкциялар енгізген. Биыл қыркүйектің 9-ы күні Солтүстік Корея кезекті рет өткізген ядролық қару сынағы бұл елдің тарихындағы ең ірі сынақ болды.

Әлем елдерінің басым көпшілігі ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қол қойған.

XS
SM
MD
LG