Accessibility links

Назарбаев халықты тұңғыш президент күнімен құттықтады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан жастар форуымына қатысқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты тұңғыш президент күнімен және алдағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады деп хабарлайды жергілікті баспасөз құралдары.

«Бүгінгі күн халқымыздың тарихына қазақстандықтарды біріктірген, тарихта алғаш рет демократиялық төте сайлау жолымен мемлекет басшысын сайлаған ұлы күн ретінде енді. Сіздерді тұңғыш президент күнімен және келе жатқан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мейрамымен құттықтаймын», - деген Назарбаевтың сөзін келтіреді Tengrinews сайты.

Жиында сөйлеген жастар өкілдері Назарбаевты тұңғыш президент күнімен құттықтап, «елдің тәуелсіздігі жолында атқарып келе жатқан өлшеусіз еңбегі үшін алғыс» білдірген.

Желтоқсанның бірінде Қазақстанда тұңғыш президенті күні мерекесін атап өтіп жатыр. Бес жыл бұрын парламент заң жүзінде осы күнді мереке санатына енгізіп, демалыс деп жариялаған. Сыншылар бұл мерекені Назарбаевтың жеке басына табыну көрінісіне теңесе, билікті қолдаушылар оны «тұңғыш президентке деген құрмет» деп санайды.

Кеше Талдықорғанда Назарбаевтың ескерткіші ашылып, Астана опера театрында «Елбасы» музыкалық шығармасының премьерасы өтті. Осыған дейін Ұлттық банк Назарбаевтың суреті салынған 10 мың теңгелік ақша желтоқсанның бірінен айналымға енгізілетінін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG