Accessibility links

Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдары парламентті неге таратқанын түсіндірді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламент мінберінде. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламент мінберінде. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.

Бүгін Астанада жастар форумына қатысқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуелсіздігінің бастапқы кезеңінде неліктен парламентті бірнеше рет таратқанын түсіндірді деп хабарлайды Қазақпарат.

Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда инфляция өршіп, жұмыссыздықтың белең алғаны, кәсіпорындар тоқырап, зейнетақы, жалақы төленбей қалғанын айтқан.

«Барлық жауапкершілікті өз мойныма алуға тура келді және ескі жүйе бойынша сайланған парламент жаңа реформалар жүргізуге қарсылық танытты. Оларды айыптауға да болмады. Олар өзге формацияның адамдары еді. Жекешелендіру, нарық, еркін экономика және саясат сынды сөздер түсініксіз болды әрі олар қолдамады» деген Назарбаевтың сөзін келтірген Қазақпарат.

1991 жылғы желтоқсанның 16-сында Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін екі жылдан соң, 1993 жылы желтоқсанда заң шығарушы орган - Жоғары кеңес таратылған. 1994 жылы наурызда сайланған кәсіби парламент 1995 жылы таратылды. Сол жылы желтоқсанда парламент сайлауы өткенге дейін заң шығару өкілетін өзіне алған президент жаңа конституция қабылдап, заңды күші бар 147 заң, президент жарлықтарын шығарған.

Елдегі оппозиция Нұрсұлтан Назарбаевты тәуеліз парламентті түрлі айла-шарғымен таратып, конституцияны өзіне ыңғайлы етіп жазып, жеке билігін шексіз күшейтіп алды деп сынаған.

Жиырма бірінші ғасырда Қазақстанда президентті қолдайтын партиялардан жасақталған кейінгі парламент құрамдары да бірнеше рет мерзімінен бұрын таратылған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG