Accessibility links

Дахау концлагерінің ұрланған қақпасы Норвегиядан табылған


Бұрынғы нацистік Дахау концлагерінің темір қақпасы. 18 тамыз 2013 жылы түсірілген сурет.
Бұрынғы нацистік Дахау концлагерінің темір қақпасы. 18 тамыз 2013 жылы түсірілген сурет.

Германияда бұрынғы нацистік Дахау концлагерінің «Arbeit macht frei» («Еңбек еркіндік әкеледі») деген жазуы бар осыдан екі жыл бұрын ұрланған темір қақпасы Норвегиядан табылған. Бұл туралы Бавария полициясы мәлімдеген. Норвегияның Берген қаласында жергілікті полиция белгісіз адамның көрсетуімен ұрланған қақпаның қайда екенін анықтаған.

Бұрынғы Дахау концлагерінің салмағы 100 келіге жуық темір қақпасы 2014 жылы қарашада қолды болған. Германия полиция ұрлыққа неонацистердің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген, сонымен бірге қылмысқа «коллекция жинаушылардың» қатысы болуы ықтимал деген болжам айтылған.

Мюнхенге жақын жерде орналасқан Дахау концлагері 1933 жылы Германияда Адольф Гитлер билікке келген соң бірнеше аптадан кейін ашылған. Германия жеріндегі алғашқы концлагерьде әуелде саяси тұтқындарда қамауда ұстаған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Дахау атышулы ажал лагеріне айналған. Онда 30 мыңнан аса адам, негізінен еврейлер мен цыгандар қаза тапқан.

2009 жылы Польшада бұрынғы Освенцим концлагеріндегі «Arbeit macht frei» деген жазуды белгісіз біреулер ұрлап кеткен еді. Кейін үш бөлікке бөлінген ол жазу табылған.

XS
SM
MD
LG