Accessibility links

Путин: Сенцовқа бостандық беруге жағдай пісіп-жетілген жоқ


Украиналық режиссер Олег Сенцов сот залында. Дондағы Ростов қаласы, Ресей, 25 тамыз 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин осы елде түрмеде отырған украиналық режиссер Олег Сенцовты түрмеден босату үшін «тиісті жағдай пісіп-жетілуі тиіс» деп мәлімдеген. Путин бұл туралы жұма күні президент жанындағы тіл және мәдениет жөніндегі кеңестердің бірлескен отырысында Сенцов мәселесінің шешімін табу жайлы сауал қойған ресейлік режиссер Александр Сокуровқа жауабында айтқан.

Путин сөз арасында «пайдалануға болатын белгілі бір ережелер барын» айтқанымен нақты нені меңзегенін ашып атамаған.

Сонымен бірге ол қалыптасқан жағдайда «орысша немесе христианша» сот шешімінсіз әрекет етуге болмайды деген. Ресей президенті украиналық режиссердің шығармашылығы үшін емес, терроризм бабы бойынша сотталып түрмеде отырғанын айтқан.

2016 жылы тамызда Ресейдің Дондағы Ростов қаласының соты Олег Сенцовты 20 жылға, тағы бір украиналық белсенді Александр Кольченконы 10 жылға бас бостандықтарынан айыру туралы үкім шығарған. Ресей соты оларды Қырым түбегіндегі «Русская община Крыма» ұйымы мен «Единая Россия» билік партиясы кеңселеріне өрт қоюды ұйымдастырған деп айыптаған. Сенцов пен Кольченко өздеріне тағылған айыптарды мойындамайтындарын мәлімдеген.

Ресейлік «Мемориал» құқық қорғау ұйымы Олег Сенцов пен Александр Кольченконы саяси тұтқындар деп атайды.

XS
SM
MD
LG