Accessibility links

ЮНЕСКО тарихи мұраларды қорғау үшін 100 миллион долларлық қор құрмақ


Жихадшылардың Ирак жеріндегі ежелі заманғы тарихи ескерткіштерді балғамен ұрып талқандап жатқаны көрсетілген видеодан скриншот.

Абу-Дабидегі ЮНЕСКО саммитінде ондаған елдің өкілдері қарулы жанжал аймақтарындағы тарихи құнды заттарды қорғау үшін көлемі 100 миллион доллар болатын қор құру туралы шешім қабылдаған. Франция қорға 30 миллион доллар қосуға міндеттеме алған деп хабарлайды France Presse.

Қорға жинақталған ақша тарихи заттарды күзету, тасымалдау және реставрация жұмыстарына жұмсалмақ. Сирия, Ирак және Йемендегі тарихи ескерткіштердің көбі исламшылдар іс-әрекеті және табиғи құбылыстар салдарынан бүлінген. Олардың елуден астамы біржола жойылып кетуі мүмкін.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Сирия мен Ирактағы ежелгі заманғы тарихи ескерткіштерді «жойылуы тиіс пұтқа табыну белгілері» деп атайды. Бұған дейін жихадшылар ежелі Ассирия патшалығы тұсынан қалған тарихи ескерткіштерді балғамен ұрып талқандап жатқаны көрсетілген видеоларды бірнеше рет интернетте жариялаған. Кейбір тарихи ескерткіштерді бульдозермен таптап, қиратқан.

XS
SM
MD
LG