Accessibility links

Өзбекстан ОСК: президент сайлауы заңды саналады


Өзбекстан президенттігіне кандидаттардың сайлауалды материалдарына қарап тұрған әйел. Ташкент, 21 қараша 2016 жыл.
Өзбекстан президенттігіне кандидаттардың сайлауалды материалдарына қарап тұрған әйел. Ташкент, 21 қараша 2016 жыл.

Өзбекстан орталық сайлау комиссиясы бүгін президент сайлауына дауыс беру басталғаннан кейін алғашқы бес сағаттың ішінде ел азаматтарының 6,89 миллионы, яғни тізімге алынған сайлаушылардың 33 пайыздан астамы дауыс бергенін жариялап, "сайлаудың заңды күші бар" деп мәлімдеді.

Өзбекстан заңы бойынша, сайлаушылар тізіміне енген азаматтардың 33 пайызы дауыс беруге қатысқан жағдайда сайлау өткен болып саналады.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгін Өзбекстан азаматтары жалпы саны 9383 сайлау учаскесінде (олардың 44-і шетелде ашылған) дауыс беріп жатыр. Сайлаушылар тізіміне барлығы 20 миллион 428 мың 891 адам енгізілген.

Бүгінгі сайлау Орталық Азиядағы постсоветтік мемлекеттер арасында халқының саны ең көп елді соңғы 27 жыл авторитарлық тәсілмен басқарып, биыл қыркүйектің басында 78 жасында қайтыс болған Ислам Каримовтен кейін бес жыл мерзімге президент болатын адамды анықтауы тиіс.

Сайлауға қатысып жатқан төрт кандидаттың бірі - қазіргі премьер-министр әрі президент міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияев бұрынғы президент Каримовтің саяси бағытын ұстанатынын мәлімдеген. Қалған үш кандидатта билікті қолдайтын саяси ұйымдардан ұсынылғандар: Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясынан Хотамжон Кетмонов, «Милли тикланиш» («Ұлттық жаңғыру») партиясынан Сарвар Отамурадов және «Адолат» социал-демократиялық партиясынан Наримон Умаров.

Сайлау учаскелерінде дауыс беру бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-ге дейін жалғасады.

XS
SM
MD
LG