Accessibility links

Астана-Бурабай жолында көлік апатынан төрт адам мерт болған


Ақмола облысының картасы.
Ақмола облысының картасы.

Желтоқсанның 4-і күні Астана мен Бурабай қалалары арасындағы тасжолда көлік апаты салдарынан төрт адам қаза болып, бірнеше автокөлік қираған. Бұл туралы Ақмола облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews агенттігі хабарлады.

Полицияның мәліметі бойынша, апат жергілікті уақытпен сағат 14:10 шамасында Атамекен ауылынан он шақырымдай жерде болған.

«Қатты боран салдарынан соқтығысып қалған алты автокөліктің біреуі жол үстінде тұрғанда Астанаға Бурабайдан 49 жолаушыны алып бара жатқан автобус келіп соққан» деп хабарлайды агенттік.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, сау-тамтығы қалмаған автокөлікке автобус соқтығысқанға дейін сол жердегі адамдардың бірі әлгі жеңіл көлік ішінен үш жасар ұл баланы құтқарып үлгерген. Апат салдарынан жеңіл көліктегі үш адам және жолда тұрған бір адам оқиға орнында мерт болған.

Желтоқсанның 4-і күні Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы кей жолдарда ауа райының бұзылуы салдарынан көлік қозғалысына шектеу енгізілгені хабарланды.

XS
SM
MD
LG