Accessibility links

Омбудсмен: Уақытша тіркеуге қатысты айыппұл салуды тоқтата тұру керек


Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұрған адамдар.
Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұрған адамдар.

Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) уақытша мекенжайы бойы тіркеуге тұрмағаны үшін айыппұл салу құқықтық нормаларға қайшы келмейтінін мәлімдеді. Дегенмен уәкіл азаматтарға мұндай тіркеуге тұрмағаны үшін айыппұл салуды олардың жаңа жүйеге бейімделуі үшін кейінге қалдыра тұруды ұсынды.

Омбудсмен кеңсесінің бүгін таратқан мәлімдемесінде мекенжайы бойынша уақытша тіркеу "елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуді" мақсат еткендіктен қабылданған шаралар халықаралық және мемлекеттік заңдар мен құқықтық нормаларға "жалпы алған қайшы келмейтіні" айтылады.

Қазақстанда азаматтардың еркін жүріп-тұру еркіндігіне конституция мен Қазақстан мақұлдаған Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі пакті кепілдік береді. Омбудсмен осы пактінің 12-бабының 3-тармағында айтылған бұл құқық пен еркіндіктің "мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті заңдармен шектелуі мүмкін" деген тұсына сілтеме жасайды.

Омбудсмен мәлімдемесінде қазір байқалып жатқан "жағымсыз реакциялар", әсіресе халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезектің көбейгені негізінен "мұндай нәзік шараларды қабылдауда диалогтың жоқтығынан" туындап отырғанын айтады.

Омбудсмен полицияның заң бұзып жатқаны туралы мәліметтерге қатысты "уәкілетті органдардың қызметін жетілдіру қажетін" айтады. Ол сонымен қатар жауапты қызметкерлер, оның ішінде полиция азаматтардың уақытша тіркелгенін қадағалағанда заңнан толық білуі тиіс екенін және азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауы қажетін айтады.

"Әсіресе тұрғындары мен жергілікті басқару органдары заңға өзгеріс енгенінен аса хабардар емес алыс аймақтардағы түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аудару керек. Себебі мұның салдарынан азаматтардың заңды құқығы бұзылып, ол соңында әлеуметтік шиеленіс пен жергілікті жерлерде жанжалдарға әкеліп соқтыруы мүмкін" дейді омбудсмен.

Қаңтардың басында Қазақстанда азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеу туралы көші-қон заңдарына енгізілген түзетулер күшіне енген. Енді тұрғылықты жерінен тысқары жаққа бір айдан асатын мерзімге барған әр қазақстандық мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлеп әрі халыққа қызмет көрсету орталығына барып уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы тиіс. Бұл талап қонақүйде тұрып, өзге қалада жұмыс істейтін адамдарға да, өзге қаладағы ауруханада жатып ұзақ емделетін адамдарға да қатысты. Алғашқыларын қонақүй орналасқан мекенжай, ал екіншілерін емделетін орны бойынша тіркейді. Бұл талапты орындамағандарға жеті АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады.

XS
SM
MD
LG