Accessibility links

Сот «қылмысын мойындаған» Ғабдуллиннің ісін тоқтатуды қолдамады


Бигелді Ғабдуллин, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы.
Бигелді Ғабдуллин, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы.

Астана қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған аудандық сотының судьясы Бағлан Ыдырысов Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы Бигелді Ғабдуллиннің қылмыстық ісін тоқтату өтінішті қанағаттандырмады.

Бүгін басталған сот отырысының алдын ала тыңдауында адвокат Аманжол Мұхамедияров өз қорғауындағы Бигелді Ғабдулиннің «қылмыс жасағанын мойындағанын», «қылмыстық әрекетінен зардап шегушілерге 20 миллион 625 мың теңге көлемінде шығынын өтегенін» хабарлап, оны қылмыстық жазадан босатуды сұраған.

"Қылмыстық кодексінің 1-бабы 1-тармақшасына сәйкес, бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауыр қылмыс жасаған адам қылмыс жасағаннан кейiн айыбын мойындап, өз еркiмен келсе немесе қылмысты ашуға жәрдемдессе немесе қылмыстық жолмен жасалған зиянды өзгеше түрде қалпына келтiрсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн" деді адвокат Аманжол Мұхамедияров.

Бұл шағымға шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне шығып келген судья Бағлан Ыдырысов Бигелді Ғабдуллиннің қылмыстық ісін тоқтатып, айыпталушыны жауапкершіліктен босатуға әзірге негіз жоқ екенін хабарлады.

"Жасаған қылмысты мойындауға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуға шешім шығаруға ерте. Бұл мәселе соттың алдын ала тыңдауында емес, қылмыстық істі зерттеп қарайтын отырыста анықталады" ­ деді судья.

Сот Бигелді Ғабдуллинге қатысты қылмыстық істі қарауды қаңтардың 17-сіне белгіледі.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 61 жастағы Бигелді Ғабдуллиннің ұсталғанын 2016 жылы 15 қарашада хабарлаған. Бюро таратқан ақпарат бойынша, Ғабдуллин өзіне қарасты БАҚ-ты пайдаланып, мемлекеттік органдардың басшыларына олардың "іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдар жариялау жолымен" ақпараттық шабуыл жасаған. Кейін ол лауазымды тұлғалардан "сыни жарияланымдарды тоқтату үшін өз ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыстарды бопсалаған".

Кәсіби жазушы, ақын және публицистердің басын қосатын халықаралық ПЕН-клуб қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің қамалғанына алаңдаушылық білдірген.

XS
SM
MD
LG