Accessibility links

Тағы бір адам тәуелсіз кәсіподаққа бола аштық жариялады


«Әлеуметтік жұмысшылар кәсіподағының» басшысы Ольга Рубахова үкімет үйінің алдында тұр. Астана, 19 қаңтар 2017 жыл.
«Әлеуметтік жұмысшылар кәсіподағының» басшысы Ольга Рубахова үкімет үйінің алдында тұр. Астана, 19 қаңтар 2017 жыл.

Астанадағы «Әлеуметтік жұмысшылар кәсіподағының» басшысы Ольга Рубахова «Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының» (ҚТКК) жабылуына қарсылық ретінде 19 қаңтардан бастап аштық жариялағанын хабарлады. Судан басқа нәр татпауды жоспарлап отырған ол ҚТКК-ны қайта тіркеуді сұрап аштық жариялап жатқан Маңғыстау мұнайшыларын да қолдайтынын айтты.

63 жастағы Ольга Рубахова бүгін «ҚТКК мен әлеуметтік жұмысшылар кәсіподағын жаппауды, жұмыс істеуге және жұмысшылардың еңбек құқын қорғауға мүмкіндік беруді, ҚТКК жетекшісі Лариса Харькованы қудалауды тоқтатуды» талап етіп, премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына хат тапсыруға үкімет үйіне келген еді. Бірақ премьердің кеңсесінің жұмысы 15:30-да аяқталғандықтан хатын бүгін тапсырып үлгермеді.

Ольга Рубахова аштық жариялайтынын 9 қаңтар күні Астана қалалық әкімдігіне, әділет министрлігі мен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жазбаша түрде ескерткенін хабарлады.

Ол аштық жариялайтынын 40 шақты мүшесі «Әлеуметтік жұмысшылар кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі жиналысында жариялағанын да айтты.

– Оларға «Мені қолдаудың қажеті жоқ» дедім. Өйткені кәсіподақ мүшелерінің дені – көп балалы аналар, зейнеткерлер, жалпы әлеуметтік жағдайы төмен адамдар. Олар келісті. Бірақ алдағы уақытта көре жатармыз, – деді Ольга Рубахова.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық соты 2017 жылы 4 қаңтарда кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан ҚТКК-ны жабу туралы шешімін жариялаған. Бұл ұйым «Кәсіподақтар туралы» заңның талабын – барлық облыстық филиалдарын алты ай ішінде тіркету шартын орындай алмаған.

5 қаңтарда Маңғыстау облысындағы Қаламқас кенішінде Oil Construction Company (OCC) компаниясының жұмысшылары ҚТКК-ны қайта тіркету үшін аштық жариялаған. Қазір олардың саны 400-дей болған.

ҚТКК төрайымы Лариса Харькова 11 қаңтарда Шымкентте баспасөз конференциясын өткізіп, OCC жұмысшыларын аштықты тоқтатуға шақырған. Ол «Ұйым төңірегінде, менің жеке өзіме қатысты туындаған жағдайға байланысты аштықты тоқтатуды сұраймын» деген.

Бүгін Ақтау қалалық 2-соты OCC жұмысшыларының аштығын заңсыз деп тауып, оны тоқтатуға шешім шығарды.

XS
SM
MD
LG