Accessibility links

Маңғыстау: Аштық жариялаған жұмысшылар судьяға қарсылық білдірді


OCC жұмысшыларының үстінен өтіп жатқан сотқа жиналған адамдар. Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, 23 қаңтар 2017 жыл.
OCC жұмысшыларының үстінен өтіп жатқан сотқа жиналған адамдар. Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, 23 қаңтар 2017 жыл.

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) компаниясының аштық жариялағаны үшін сотқа тартылып жатқан жұмысшылары судья Жасұлан Сәлиевке қарсылық білдірді. Жұмысшылар судьяның адвокат алуға мүмкіндік бермегенін айтты. Сот Маңғыстау облысының Маңғыстау аудандық сотында өтіп жатыр.

Әуелі Құспан Қосшығұлов өзіне тағылған айыппен таныспағанын, адвокаты жоғын айтып, ары қарайғы сот процесіне қарсылық білдіретінін айтты. Ол сотқа жауап беруден бас тартты. Оны басқа жауапкер жұмысшылар қолдап, сотқа қарсылық білдірді. Бұдан соң судья қарсылықты жазбаша түрде беруді сұрап, 10 минут үзіліс жариялады.

OCC Қаламқас кенішінде жұмыс істейтін 270 жұмысшысын 6-22 қаңтар аралығында "заңсыз аштық жариялады" деп, сол уақытта 3 миллион теңге шығын шеккенін айтып, жұмысшылардан соны өндіріп беруді сұрайды. Компания сонымен бірге сотқа берген 27 жұмысшыны "аштық акциясын ұйымдастырды, өзге жұмысшыларды аштық жариялауға үгіттеді" деп айыптайды.

Жұмысшылар сотта OCC өкілінен "аштық жариялаған 270 адамның тамақ ішпегенінен болған 3 миллион теңге шығынды" не себепті тек 27 адамнан өндіруді талап еткенін сұраған. Талапкер бұл сұраққа жауап бере алмады. Жұмысшылар сонымен қатар аштық жариялайтындары туралы OCC басшылығын ескерткенін айтып, компания тамақпен қамтамасыз ету кезінде мұны ескеруі тиіс болғанын жеткізді.

Жауапкерлердің бірі, жұмысшы Құсайын Жылқышиев талапкерге тамақ ішу-ішпеу өз еркі екенін, жұмысын күнделікті орындағанын, жұмысын ауысым басшысы күнделікті қабылдап алып отырғанын айтты. Талапкер өкілі жұмысшылардың айыпқа қарсы сұрақтарына уәж айта алмады.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы ОСС компаниясы территориясындағы тәуелсіз кәсіподақ кеңсесінде қаңтардың 5-інде басталған аштық акциясына кейін Қаламқас және Жетібай кеніштеріндегі жұмысшылар да қосылған. Наразылық акциясына қатысушылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талап қойған.

Сенбі күні полиция талабы бойынша наразылық акциясы тоқтатылды. Оның алдында сот үш жерде жүздеген адамның қатысуымен өтіп жатқан жаппай наразылық акцияларын заңсыз деген шешім шығарған. Қаңтардың 20-сы күні полиция OCC кәсіподағы лидері Әмин Елеусінов пен кәсіподақ еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевты Ақтауда ұстаған. Ақтау қаласы прокуроры дерегінше, Елеусінов пен Құшақбаев Астанаға жеткізіліп, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG