Accessibility links

Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізді


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Ақорданың хабарлауынша, жиында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, әскери-техникалық саясаты мен Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын талқылады.

Жиын басталар алдында Назарбаев өткен аптада Жамбыл облысында қар көшкінінен қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына көңіл айтты. Президент мемлекеттік комиссия қайғылы оқиғаның себептерін анықтайтынын хабарлап, қорғаныс министрлігінен қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көмек көрсетуді сұрады.

Жиында Назарбаев экстремистік және террористік шабуылдарға қарсы тұру міндеттерінің бірінші кезекте тұрғанын айтты. Ол билік ұсынған саяси және конституциялық реформалар "тұтастай алғанда тұрғындар қолдауына ие екенін" жеткізді.

Қазақстанда билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мақсатында конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізу жобасы 28 қаңтарда ресми баспасөзде жарияланып, оны талқылауға бір ай уақыт берілген. Билік ұсыныстар жиналып, комиссияның қарауына берілетінін айтады. Азаматтар ұсынылған кейбір өзгерістерге, әсіресе конституцияның жеке меншікті қорғауға қатысты 26-бабын өзгертуге байланысты ұсынысқа қарсылық танытып жатыр.

XS
SM
MD
LG