Accessibility links

Ресей: АҚШ-тың Сирияда қауіпсіз аймақ құру жоспарына қарсы емеспіз


Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі.
Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі.

Ресей АҚШ-пен Сирияда қауіпсіз аймақ құру туралы жоспарын талқылауға дайын, бірақ мұндай кез келген жоспар Сирия үкіметінің келісімімен жасалуы тиіс деп мәлімдеді Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеуде өткен баспасөз конференциясында. Лавров өткен аптада Берлинде АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен кездесуінде қауіпсіз аймақ құру жоспарын қысқаша талқылағанын, бірақ Тиллерсон бұл концепцияның әлі зерттеліп жатқанын білдіргенін мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп өткен айда сириялықтардың АҚШ пен Еуропаға босып кетпей, соғыссыз өмір сүре алатын қауіпсіз аймақ құру ниетін айтқан болатын. Президент АҚШ қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік құрылымдарға осы жоспарды егжей-тегжейлі зерттеуді тапсырған.

Лавров Ресей АҚШ-тың қауіпсіз аймаққа қатысты ұсынысын күтетінін айтты. «Біз мұндай кез келген жоспар Сирия үкіметімен келісе отырып жасалуы тиіс деп есептейміз. Өйтпеген жағдайда оны іске асыру өте қиын болады. Вашингтонның осы мәселеге қатысты ұсынысын күтуге, сонымен қатар Сириядағы ынтымақтастық мәселелері бойынша басқа ұсыныстарын да талқылауға дайынбыз» деді Лавров.

Сергей Лавров Сирия президенті Башар Асадтың ұстанымын қолдайтынын, Сирия аумағында Дамаскінің келісімінсіз қауіпсіз аймақты құру ел суверенитетін өрескел бұзу болып саналатынын мәлімдеді.
Сирияда қауіпсіз аймақ құруды сынайтындардың ең басты уәжі ретінде "Батыс мұндай аймақтар құрса ол жақын аймақта операция жүргізіп жатқан Ресей және Сирия күштерімен жанжалға әкеліп соқтыруы мүмкін" деген алаңдаушылық білдіреді.

Бірақ Трамп және Кремль Сирияда қауіпсіз аймақ құруда ғана емес, сонымен қатар Сириядағы басқа да өзекті мәселелер, әсіресе "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымымен күрес бойынша да тығыз ынтымақтастық орнату мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Путиннің кеңесшісі Юрий Ушаков кеше Путин мен Трамп 28 қаңтардағы телефон сұхбатында экономикалық проблемалармен қатар лаңкестікпен күрес бойынша ынтымақтастық жайын талқылағанын мәлімдеді. Бірақ толыққанды ақпарат берген жоқ.

XS
SM
MD
LG