Accessibility links

Ашғабатта бірге жүрген қыз-жігітті полиция тексереді


Саябақта отырған қыз бен жігіт. Ашғабат, Түркіменстан, 28 тамыз 2013 жыл.
Саябақта отырған қыз бен жігіт. Ашғабат, Түркіменстан, 28 тамыз 2013 жыл.

Түркіменстан астанасында жастарға қатысты кезекті шектеу пайда болған. Көпшілік орында бірге жүрген қыз-жігіт бір-біріне туыс екенін дәлелдей алмаса, оларды полицияға апарады.

ЖҰППЕН ЖҮРЕТІН ЖАСТАРҒА ШЕКТЕУ

Азаттықтың Түркімен қызметі (Азатлык радиосы) тілшісі Солтан Ачилованың хабарлауынша, Ашғабатта көшеде бірге жүрген қыз-жігіттің құжаттарынан бір-біріне туыс емес екені анықталса, оларды полиция бөліміне апаратын болған.

Түркіменстан астанасындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқитын, өзін «Мақсат» деп таныстырған студентінің Азатлык радиосына айтуынша, көшеде жұптасып жүрген қыз-жігіттердің құжаттарын тексеріп, өзара туыс-жақындығына дәлел жоқ болса, ұстап әкете бастағанына бір ай болыпты.

«Студенттер сабақтан шыққаннан кейін немесе көпшілік жиындардан соң жатақханаға автобус немесе таксимен бірге қайтады, спектакль, концерт тәрізді мәдени шараларға да бірге барады. Саябақтарда жиі серуендейді. Кейінгі уақытта жастарға салынатын тыйымдар көбейіп кетті» дейді Мақсат.

Түркімен жастары. (Көрнекі сурет.)
Түркімен жастары. (Көрнекі сурет.)

Оның сөзінше, соңғы кездері полиция көшеде келе жатқан немесе саябақта бірге демалып отырған қыз-жігіттерді көрсе, тергеуге алып, «қайта ұсталсаңдар, оқудан шығарамыз» деп ескерту жасайды.

«Саябақта ғана емес, көшеде қызбен келе жатсаң да, тоқтатып: «Кімсіңдер, қайда тұрасыңдар, қайда оқисыңдар?» деп сұрақтың астына алып, екеуінің тегін тексеріп, жігіт пен қыздың бір-біріне туыстық жақындығы бар-жоғын әбден анықтап алғаннан кейін ғана босатады» дейді Мақсат.

Тілшіміз әңгімелескен Ашғабат тұрғындары «жастарды ұстап әкетіп тергеуге алатын полиция қызметкерлерінің әрекеті түсініксіз, ал құқық қорғау орган өкілдері мұны түсіндірмейді» дейді.

Азаттыққа Ашғабаттың билік орындарынан осы қалада тұратын және оқитын жастарды тексеру мақсаты туралы комментарий алудың сәті түспеді.

БИЛІКТІҢ ӨЗГЕ ТЫЙЫМДАРЫ

Азаттыққа хабарласқан тұрғындардың айтуынша, Ашғабатта халықты бақылауды күшейтудің кезекті шаралары бұған дейін полиция өкілдері қалада «ұқыпсыз киінген, түрі алқам-салқам» деп тапқан адамдарды ұстап әкетіп жатқаны жайлы хабарлар тараған соң іле-шала басталған.

Азатлык радиосы дереккөздерінің хабарлауынша, Түркіменстанда ұсталғандардың құжаттарын жеке басын анықтау үшін тексереді. Тексеруді көбінесе қарапайым киінген адамдар жүргізеді. Егер тексеру кезінде ұсталғандардың Ашғабатта тіркеуде жоғы анықталса, оларға айыппұл салып, тұрғылықты жері бойынша аймақтарға жібереді.

Ашғабатта көшеде демалып жатқан жұмысшы. 1 маусым 2015 жыл.
Ашғабатта көшеде демалып жатқан жұмысшы. 1 маусым 2015 жыл.

Тексеру себептерін ресми түсіндірмегендіктен, жергілікті тұрғындар әлгіндей шараларды қыркүйекте Ашғабатта өтеді деп жоспарланған Азия ойындарына жергілікті биліктің дайындығы болар деп жориды.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің ресми жарлығына сәйкес, ел тарихында тұңғыш рет өтетін ең ірі халықаралық спорт жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Түркіменстан астанасында Азиада-2017 ойындарына арнап 5 миллиард АҚШ доллары жұмсалған олимпиада кешені мен құны 2 миллиард долларды құрайтын жаңа халықаралық әуежай салынған.

Түркіменстанда студенттерге қатысты көптеген шектеулер мен талаптар бар. Түркімен билігі жуырда жариялаған жаңа ережелердің бірі - ел ішінде студент қыздардың автокөлікпен жүруіне тыйым салынды. «Әдепсіздікке жол бермеу үшін» түркімен студент қыздарын тек ұшаққа мініп саяхаттауға міндеттеген.

Бұған қоса, Түркіменстан жоғарғы оқу орны студенттерінің көлік жүргізуіне және демалыс күндері жатақханадан рұқсатсыз шығуына тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG