Accessibility links

Мәскеуде жемқорлықпен күрес қоры қызметкерлерін ұстап әкеткен


Полиция наразылық шеруіне қатысушыларды ұстап әкеле жатыр. Мәскеу, 26 наурыз 2017 жыл.
Полиция наразылық шеруіне қатысушыларды ұстап әкеле жатыр. Мәскеу, 26 наурыз 2017 жыл.

Ресей полициясы коррупцияға қарсы күрес қорының Мәскеудегі кеңсесінен қызметкерлерін ұстап, ішкі істер бөліміне апара жатыр деп хабарлады оппозиционер Алексей Навальный. Оның өзін осының алдында Мәскеудің Тверь көшесінде жемқорлыққа қарсы шеруден полиция ұстап әкеткен.

Бұған дейін коррупцияға қарсы күрес қорының кеңсесін электр қуатынан ажыратып тастағаннан кейін осы жерден бүгін таңертеңнен бастап бүкіл Ресей көлемінде өтіп жатқан жемқорлыққа қарсы шерулерден онлайн-трансляция үзіліп қалған. Навальныйдың серігі Леонид Волковтың хабарлауынша, кеңсеге келген полиция қызметкерлері «онлайн-трансляцияға рұқсат алынған ба?» деп сұраған.

Полиция бүгін коррупцияға қарсы күрес қоры отырған ғимаратта «жарылыс болу қаупі барын» алға тартып, ондағы адамдарды эвакуциялаған. Қор кеңсесіне иісшіл иттермен келген полиция іздеп көргенімен жарылғыш зат табылмаған. Волков онлайн-трансляцияны жалғастыру үшін қосымша студияны пайдалануға дайын екенін айтқан.

Наурыздың 26-сы күні Ресейдің көптеген қалаларында жемқорлыққа қарсы шерулер өтіп жатыр. Наразылыққа бұған дейін Навальный жетекшілік ететін коррупцияға қарсы қор жүргізген «Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевке тиесілі» делінетін мүліктер жайлы зерттеу түрткі болған. Көптеген қалаларда жергілікті билік шеру өткізуге рұқсат етпеген. Мәскеудегі жемқорлыққа қарсы шеру барысында полиция 200-ден астам адамды ұстаған. Ұсталғандардың арасында британдық Guardian газеті тілшісі де бар.

XS
SM
MD
LG