Accessibility links

Теміртауда қолөнершілер қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді


Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Шебер-Теміртау» қолөнершілер орталығы мүгедек баланы емдеуге ақша жинау үшін ұйымдастырған қайырымдылық жәрмеңкесі. Теміртау, 9 сәуір 2017 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Шебер-Теміртау» қолөнершілер орталығы мүгедек баланы емдеуге ақша жинау үшін ұйымдастырған қайырымдылық жәрмеңкесі. Теміртау, 9 сәуір 2017 жыл.

Бүгін Теміртау қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек ететін «Шебер-Теміртау» қолөнершілер орталығы ұйымдастырған қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Мүгедек қолөнершілер шарасы церебралды сал ауруына шалдыққан теміртаулық үш жасар Милалика Инюткинаны емдеуге қажет қаржы жинауға арналды. Мүгедектерге арналған қолөнершілер орталығы жетекшісі Наталья Воротынскаяның айтуынша, бүгінгі жәрмеңкеге шығарылған қолөнершілер бұйымдарын сатудан түскен қаржы көмекке мұқтаж баланың ата-анасына беріледі.

- Біз жұрт назарын қайырымдылыққа, дәл қазір осы баланың проблемасына және сонымен қатар жергілікті қолөнершілер еңбегіне аударғымыз келеді, себебі қолөнершілер мүгедек болғандықтан, көбінесе бір затты дайындауға шама-шарқына қарай бірнеше адам қатысады. Осындай жәрмеңкелер өткізу дәстүрге айналғанын және оған тек мүгедек қолөнершілер ғана емес, оларға қоса шығармашылық жандардың қатысқанын қалаймыз. Теміртауда шағын Арбат ұйымдастыруды ұйғардық. Қолөнер мәдениетін дамыту керек, - деді Азаттыққа «Шебер» қоғамдық ұйымының филиалы саналатын «Шебер-Теміртау» мүгедек қолөнершілер орталығы жетекшісі Наталья Воротынская.

Жәрмеңке таңертеңнен кешке дейін созылды. Саудаға экологиялық таза жүннен жасалған ондаған қолөнер бұйымы қойылды. Мәселен, берет бес мың теңгеден, шәркелер – екі жарым мың теңгеден сатылды.

Бұл қайырымдылық жәрмеңкесіне өздерін дербес кәдесый шеберлері деп атайтын жергілікті тұрғындар да қатысты. Теміртаулық 26 жастағы Елена Денисенко осыдан бір-екі жыл бұрын тұзды қамырдан мүсін сомдаумен айналыса бастаған. Кәдесыйларды үйінде жасайды, оны хоббиге айналдырған. Еленаның мүгедек шеберлерге қатысы жоқ, алайда олардың қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп жатқанын естіген соң өзі де қатысуға ниет білдірген. Еленаға тағы екі шебер - Наталья Савина мен Ульяна Зеер қосылған.

- Бүгін тапқан табысымның тең жартысын Милалика Инюткинаны емдеуге жәрдем ретінде беруді ұйғардым. Болашақта өз ісімді бастағым келеді, бірақ бізде қолөнер бұйымдарын әлі онша қабылдай қоймайды, - дейді Азаттыққа қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысушы Елена Денисенко.

Бүгінгі қайырымдылық жәрмеңкесін өткізу үшін «Сити-Центр» сауда орталығы әкімшілігі тегін орын берген. Қолөнершілер келесі қайырымдылық жәрмеңкесін мамыр айында өткізу туралы шешім қабылдады.

XS
SM
MD
LG