Accessibility links

Туыстары Акбаржон Жалиловтың "жанкешті" болғанына сенбейді


Акбаржон Жалиловтың "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парағында жариялаған суреті.

Санкт-Петербург метросындағы террорлық жарылысқа негізгі күдікті саналатын Акбаржон Жалилов биыл Қырғызстанға оралып, үй тұрғызып, үйленуді жоспарлап жүрген дейді туыстары. Бұл туралы Қырғызстанның Ош қаласында Жалиловтың өзге туыстарымен бірге тұратын оның інісі Ахрор ресейлік РБК басылымына сұхбатында айтқан.

Жалиловтың дос-жора және туыстары Акбаржон діндар болмаған және ешқашан дінге ден қоймаған адам болатын дейді. Інісі ағасынан ешқандай күмәнді әдебиетті, болмаса оның компьютерінен «ерекше» нәрселерді ешқашан көрмегенін айтады. Жалилов Санкт-Петербургтен Қырғызстандағы үй-ішіне ай сайын ақша салып тұрған. Туыстарының ешбірі Акбаржон Жалилов «өз еркімен жанкешті болуды ұйғарған» дегенге сенбейді. Және оның экстремистермен байланысуына түрткі салатындай еш себеп болмағанын айтады.

Сәуірдің 3-і күні Ресейдің Санкт-Петербург қаласында метрода жасалған жарылыс салдарынан 14 адам қаза тауып, 50-ге жуық адам зардап шеккен. Билі орындары «жанкештілік жарылысқа» күдікті ретінде Қырғызстан тумасы, Ресей азаматы Акбаржон Жалиловтың аты-жөнін жариялап, шабуыл кезінде оның өзі де қаза тапқаны туралы мәлімдеген.

Жалиловтың барлық туыстарынан Қырғызстан қауіпсіздік қызметі жауап алған. Ош қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Замир Садықовтың пікірінше, Акбаржон Жалилов Ресейде жүрген кезде «күдікті және қауіпті» адамдармен байланыс орнатқан болуы мүмкін.

Тергеу мәліметі бойынша, Жалиловтың генетикалық іздері «Площадь Востания» метро станциясынан табылған екінші жарылғыш зат салынған сөмкеде қалған. Сараптама мен видеокамералар деректеріне сүйенген тергеу орындары вагонда жарылыс жасаған және екінші жарылғыш затты платформада қалдырған – бір адам деген қорытындыға келген.

Сәуірдің 6-сы күні Ресей тергеу комитеті метродағы терактіге қатысы бар деген күдікпен Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында сегіз күдіктінің ұсталғаны туралы хабарлаған. Олардың үйлерін тінту барысында атыс қарулары, оқ-дәрі және «Площадь Востания» метро станциясынан табылғанға ұқсас жарылғыш зат алынғаны жайлы ақпарат тарады. Бұның алдында Жалиловтың үйінен тергеушілер бомба жасауға пайдаланылған болуы ықтимал заттарды тапқаны туралы хабарланған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG