Accessibility links

Екі облыста су тасудан жолдарда көлік қозғалысы шектелді


Жолға жақын келген су, Қарағанды облысы (Көрнекі сурет).

Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында су тасу қаупіне байланысты республикалық маңызы бар жолдардың кейбір бөліктерінде көлік қозғалысы шектелді деп хабарлайды "Қазавтожол" мекемесінің баспасөз қызметі. Тағы екі облыста су жолдарға жақындаған.

Шығыс Қазақстан облысында бүгін су тасу қаупіне байланысты Семей-Қайнар жолының 8-166 километрі аралығында көлік қозғалысына шектеу қойылған. Бұл жолдың 27-километрі тұсын су шайған. Оңтүстік Қазақстан облысында Арыс өзенінің үстіндегі көпірдің жағалаудағы тіреулерін су шайған. Су тасқынынан Самара - Шымкент жолының 2217-2235 километрі аралығында көлік қозғалысы шектелген.

Қарағанды облысында Қарағанды - Аягөз - Бұғаз жолының 141-километрінде жолға су келіп жатыр. Бірақ көлік қозғалысы шектелмеген. Ақмола облысында Макинск - Ақсу - Торғай жолының 49 километрінде де жолға су келіп жатыр. Мұнда да көлік қозғалысы әзірге шектелмеген.

"Қазавтожолдың" ақпаратына қарағанда, аталған жолдардың су шайған, су келген учаскелерінде нығайту жұмыстары жүргізіліп, ескерту белгілері қойылған, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG