Accessibility links

Ақтөбеде сұйытылған газ бағасы арзандады


Ақтөбедегі көлікке газ құю бекеттерінің бірі. 10 сәуір 2017 жыл.
Ақтөбедегі көлікке газ құю бекеттерінің бірі. 10 сәуір 2017 жыл.

Ақтөбеде сұйытылған газ бағасы арзандады. Қазір газдың бір литрі 41-43 теңгеден сатылып жатыр. Яғни, осыдан екі апта бұрынғы бағадан 25 пайызға арзан. Бұл туралы Азаттыққа облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов айтты.

Осыдан екі апта бұрын Ақтөбеде сұйытылған газ тапшылығы туындап, бір литрі 55-58 теңгеге дейін қымбаттаған болатын. Қайрат Бекенов бүгін газ тапшылығының бірнеше себебін атады. Олардың бастысы - "газ құю бекеттері мен зауыт арасындағы делдалдардың көбейіп кетуі" дейді шенеунік.

Қайрат Бекенов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары. 10 сәуір 2017 жыл.
Қайрат Бекенов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары. 10 сәуір 2017 жыл.

- Ақтөбеде газға қатысты қиындық туындаған соң арнайы штаб құрылып, өндіруші мен тұтынушының арасындағы барлық тізбек жіті тексерілді. Анықтағанымыз, облыстағы 195 мың көліктің17 пайызы газбен жүреді . Одан бөлек транзиттік көліктер бар. Осыған орай энергетика министрлігі облысқа бөлінетін квота көлемін ұлғайтты. Сәуірден бастап айына квотамен екі мың тоннадан астам сұйытылған газ алатын болдық, - дейді Қайрат Бекенов.

Әкімдіктің мәліметінше, облыс тәулігіне 240 тонна сұйытылған газ тұтынады.

Аймақта "сұйытылған газ тапшылығын тудырып, жалпы көлемі 211 тонна болатын әлеуметтік газды Ауғаныстанға сатпақ болды" деп айыпталып отырған "АзГазЛогистик" және "Gold Steps" серіктестіктерінің ісімен қазір тергеу орындары айналысып жатыр. Мемлекеттік кірістер департаментіндегі басқарма басшысы Артур Хайрудиновтың сөзіне қарағанда, айыпталушылардан мемлекетке келген залал көлемі 21 миллион теңгені құрайды.

XS
SM
MD
LG