Accessibility links

G7 елдері Ресейдің Асадты қолдаудан бас тартуына ықпал етуді талқыламақ


G7 елдері мен Таяу Шығыстағы бірнеше мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің кездесуі. Лукка, Италия, 11 сәуір 2017 жыл.
G7 елдері мен Таяу Шығыстағы бірнеше мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің кездесуі. Лукка, Италия, 11 сәуір 2017 жыл.

Экономикасы дамыған "Үлкен жетілік" елдерінің сыртқы істер министрлері бүгін Италияның солтүстік-батысындағы Лукка қаласында кездесу өткізіп жатыр. Келіссөзге Түркия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания мен Катар сыртқы істер министрлері де қатысып жатыр. "Үлкен жетілік" елдері АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның Мәскеуге сапары қарсаңында Вашингтонның Сирияға қатысты ұстанымын айқындап алмақ ниетте. "Үлкен жетілік" елдері қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия, Франция, Италия және Канада бар.

Батыс елдері кездесу қарсаңында Сирия президенті Башар Асадты өткен аптада жаалған химиялық қару шабуылына айыпты деп, Дамаскінің басты одақтасы Ресейдің Асадпен байланысын үзуіне ықпал етпекке тырысып жатыр.

Ұлыбритания мен Канада бұған дейін Ресей Асадты қолдауын тоқтатпаса санкциялар күшеюі мүмкін екенін мәлімдеген. Кеше Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон "Үлкен жетілік" елдері Сирия мен Ресейдің әскери тұлғаларына санкция салуды талқылайтынын айтқан.

XS
SM
MD
LG