Accessibility links

Ақтөбеде имамдар садақа дастарқанының мәзірін бекітті


Ақтөбе облысы мен аудан имамдарының бірлесіп бекіткен, қаза болған жерде жайылатын дастарқан мәзірінің үлгісі. Ақтөбе, 13 сәуір 2017 жыл.
Ақтөбе облысы мен аудан имамдарының бірлесіп бекіткен, қаза болған жерде жайылатын дастарқан мәзірінің үлгісі. Ақтөбе, 13 сәуір 2017 жыл.

Бүгін Ақтөбеге облыс орталығы мен аудан имамдары жиналып, қаза болған жерде жайылатын дастархан мәзірін бекітті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, оған негізінен қазақтың ұлттық тағамдары енгізілген. Облыс имамдарының басын қосқан, "Салт-дәстүр және діни рәсімдер" деп аталатын конференцияда қаза дастарқанына арналған мәзірдің үлгісі де көрсетілді.

- Бұл мәзірді бекітпес бұрын облыс аудандарын түгел аралап шықтық. Ел арасында сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға 1230 адам қатысты. Олардың 85 пайыздан астамы ысырапшылдыққа қарсы, - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Төлеби Оспанов.

Қаза болған жерде жайылатын дастархан мәзірі бүгіннен бастап облыстық "Нұрғасыр" мешіті жанындағы асханада қолданылатын болады. Біркелкі мәзір жергілікті мейрамханаларға да үлестіріледі. Сонымен қатар, аудан имамдарына да жер-жерде ысырапшылдыққа қарсы уағызды күшейту тапсырылды.

- Жақыны қайтыс болған үй иелері дастарханды облыстық мешіттің асханасына әкеп жаятын болса, 100 адамға 170 мың теңге жұмсайды. Оның 105 мың теңгесі азық-түлікке жұмсалады. Қалғаны асхана қызметкерлерінің үлесі. Ал жергілікті мейрамханалар қазаға жиналған 100 кісіні жайлау үшін ең кемі 300-400 мың теңге алатынын білеміз. Бұл -ысырап, – дейді Ақтөбе облыстық "Нұрғасыр" мешітіндегі ақсақалдар алқасының мүшесі Бекежан қажы Аханұлы.

"Салт-дәстүр және діни рәсімдер" атты конференцияға қатысып отырған имамдар. Ақтөбе, 13 сәуір 2017 жыл.
"Салт-дәстүр және діни рәсімдер" атты конференцияға қатысып отырған имамдар. Ақтөбе, 13 сәуір 2017 жыл.

Конференцияда мұсылманшылық пен дәстүр үйлесімділігі, діни жоралғылардың дәстүрмен үндестігі, мазар салу, жерлеу мәдениеті туралы да айтылды. Имамдар әуелі қаза дастарқанының мәзірін бір жөнге келтірген соң мазар мәдениеті сияқты басқа да діни мәселелерді реттеу керек десті. Жиын соңында имамдар облыс тұрғындарына ысырапшылдықты тоқтату туралы үндеу жолдады.

XS
SM
MD
LG