Accessibility links

Ақтау соты кәсіподаққа байланысты істі қарауды кейінге қалдырды


Ақтау қаласындағы 2-сот. 13 сәуір 2017 жыл.

Ақтау қаласының 2-соты Oil Construction Company (ОСС) компаниясы мұнайшыларының кәсіподақ төрағасы Әмин Елеусінов қамауға алынғаннан кейінгі төраға міндетін атқарушы ретінде сайланған Берік Бекбаевты «сайлады» делінген конференцияның күшін жою туралы талап-арызын қарауды 18 сәуірге қалдырды.

Кәсіподақ заңгері Тахир Ерданов түстен кейін жалғасқан азаматтық сот мәжілісінде тұтқындағы Әмин Елеусіновтың өзінің қамауға алынуы мүмкіндігін ескеріп,ОСС мұнайшыларының кәсіподағы төрағасы міндетін атқаруды Құспан Қосшағұловқа тапсырғаны туралы 19 қаңтардағы бұйрығын іске тіркеуді өтінді.

- 7 наурызда кәсіподақ төрағасы міндетін атқарушы ретінде Бекбаевты сайлау туралы ешқандай конференция өткен жоқ деп санаймыз. Оның орынына жұмысшылардан қорқытып қол қойдырған. Куәлер шақыртып оны дәлелдеуге уақыт беруді сұраймыз, - деді Тахир Ерданов сотта.

ОСС компаниясының жаңадан «сайланған» кәсіподақ төрағасының өкілі ретінде сот процесіне қатысқан жұмыс берушінің заңгері Нұржан Оразов талапкердің өтінішін қабылдамауды сұрады.

Судья Мұхит Мұқашев екі тарапқа да кәсіподақ төрағасы міндетін атқарушыны сайлаған конференцияның болған-болмағанын дәлелдейтін куәлерді алып келуге уақыт берді.

ОСС жұмысшыларының кәсіподағы басшысы Әмин Елеусінов Ақтауда биыл қаңтардың 5-інен 21-іне дейін кәсіподақ кеңсесінде өткен мұнайшылардың жаппай аштық акциясы кезінде ұсталып, Астанаға жеткізілген соң екі айға қамауға алынған. Оған "қылмыстық сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденді, талан-таражға салды", "билік өкілдеріне бағынбады, оларды ғайбаттады, кедергі келтірді" деген айыптар тағылған.

Аштық жариялаған мұнайшылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын тіркеуді талап еткен.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG