Accessibility links

Қытай АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы әскери жанжал қаупін ескертті


Солтүстік Кореяның зымыран сынағы. (Видеодан алынған скриншот.)
Солтүстік Кореяның зымыран сынағы. (Видеодан алынған скриншот.)

Қытай сыртқы істер министрі Ван Идің мәлімдеуінше, АҚШ пен Солтүстік Корея өзара қарулы қақтығысқа баратын болса, ол соғыста жеңімпаз болмайды.

Жанжалды кім арандатса да ол «осы қылығы үшін тарих алдында жауап береді және тиісті құнын төлеуге мәжбүр болады» деп мәлімдеген қытай министрі Пекинде Франция сыртқы істер министрі Жан-Марк Эйромен бірге өткізген баспасөз мәслихатында.

Ван И Қытай Солтүстік Кореяның ядролық және зымыран бағдарламалары бойынша Пхеньян мен Вашингтонның арасында диалог орнатуға жәрдемдесуге әзір екенін айтқан.

Сәуірдің 14-і күні Солтүстік Корея АҚШ-пен әскери қақтығысқа баруға дайын екенін білдірген. Солтүстік Корея сыртқы істер министрінің орынбасары Хан Сон Рёль Associated Press агенттігіне сұхбатында Пхеньянның алдын ала соққы беруге ядролық қауқары жеткілікті деп мәлімдеген болатын.

Бұған дейін жұма күні Вашингтон Солтүстік Корея басты мейрам күні – сәуірдің 15-інде мемлекет негізін қалаушы Ким Ир Сеннің туғанына 105 жыл толуына арнап кезекті ядролық қару сынағын өткізуге талпынатын болса, ол сынаққа жол бермеу мақсатында бұл елге қарсы әскери соққы беру мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы ақпарат тараған.

Жексенбі, сәуірдің 16-сы күні АҚШ вице-президенті Майк Пенс Корей түбегіндегі ахуалды талқылау үшін Оңтүстік Кореяға сапармен бармақшы.

Бұған дейін жаңадан ядролық сынақ өткізетінін жариялаған Солтүстік Корея билігіне жауап ретінде АҚШ үлкен ұшақ тасығышы бастаған әскери кемелерін Корей түбегіне жібергеннен кейін Вашингтон мен Пхеньян арасындағы жағдай күрт шиеленісіп кеткен еді.

XS
SM
MD
LG