Accessibility links

Қарағанды облысында тасқын аймағынан мыңнан астам адам көшірілген


Қарағанды облысында құтқару жұмыстары барысында тасқын су басқан аймақтардан 1453 адамды көшіріп, 4655 бас малды қауіпсіз жерге алып шыққан деп хабарлады бүгін «Интерфакс» агенттігі облыстық тасқынға қарсы штабқа сілтеме жасап.

Штаб ақпараты бойынша, тасқын су 54 тұрғын үй мен 149 ауланы басқан.

"Бұқар жырау, Қарқаралы, Абай, Шет және Осакаров аудандарындағы елді мекендер ерекше назарда. Жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдай жөніндегі департмент бөлімшелері, жергілікті полиция қызметі, ұлттық гвардия әскері, автокөлік жолы мен темір жол ұйымдары бірлесе қимылдап, су басқан аймақтарда құтқару жұмыстары мен жедел іс-шаралар атқарып жатыр" деп хабарлаған облыстық тасқынға қарсы штаб.

Қызылсудың жайылуына байланысты Қарағанды-Аягөз-Боғас бағытындағы республикалық маңыздағы автокөлік жолының Қарағанды-Қарқаралы аралығындағы бөлігі жабылған. Тұрғындарды темір жол арқылы тасымалдап жатыр.

"Сәуірдің 15-і сағат 12:00 кезіндегі жағдай бойынша, Самарқан су қоймасынан су жіберу мөлшері секундына 1200 текше метрге, Шербай-Нұра су қоймасынан – 900 текше метрге дейін ұлғайтылған. Төменде орналасқан елді мекендерден тұрғындарды шұғыл көшіруге дайын болу үшін қажетті шаралар жүргізілді" делінген ақпаратта.

XS
SM
MD
LG