Accessibility links

Мәскеу соты Поткиннің жаза мерзімін қысқартқан


Александр Поткин (Белов) үкім шығар алдында сотта тұр. Мәскеу, 24 тамыз 2016 жыл.
Александр Поткин (Белов) үкім шығар алдында сотта тұр. Мәскеу, 24 тамыз 2016 жыл.

Мәскеу қалалық соты Ресейде экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған «Заңсыз иммиграцияға қарсы қозғалыс» (ДПНИ) жетекшісі Александр Поткинге (Белов) бұған дейін сот үкімі бойынша тағайындалған жаза мерзімін 7,5 жылдан 3,5 жылға қысқартқан. Бұл туралы сот қаулысы жұма күні шыққан. Поткин 2016 жылы тамызда қазақстандық БТА-Банк салымшыларынан ұрланған делінетін қаржыны заңдастырған және экстремизммен айналысқан деген айыптар бойынша сотталған.

Сонымен бірге, Мәскеу соты Поткинге тағылған «заңсыз алынған ақшаны заңдастыру» айыбын алып тастап, істің бұл бөлігін Мәскеу прокуратурасына жолдаған. Осылайша, сотталушыдан қазақстандық БТА-банктің пайдасына 4,9 миллиард рубль өндіріп алу туралы сот шешімі күшін жойған.

Александр Поткиннің адвокаты журналистерге сұхбатында, соттың шығарған шешімін есепке алғанда, Поткин алдағы бір жыл ішінде бостандыққа шығуы тиіс деген.

Александр Поткин 2014 жылы қазанда "БТА банктен" бес миллиард доллар қаржы жымқыру ісіне қатысты тергеу аясында ұсталған. Оған қазақстандық БТА-банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовпен ымыраласқан, қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырды, экстремистік топ құрған, диверсия ұйымдастырған және ұлтаралық араздықты қоздырған деген айыптар тағылған. Тергеу болжамы бойынша, Поткин Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты "биліктен тайдыруды жоспарлаған".

Александр Поткин Мұхтар Әблязовті танымайтынын айтып, өзіне тағылған айыптарды мойындамайтыны және олардың саяси астары бар деп санайтыны туралы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG