Accessibility links

Лавров: OPCW Сириядағы билікті ауыстыруға ұмтылып отыр


Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымды (OPCW) Сириядағы билікті ауыстыруға ұмтылып отыр деп айыптады. Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) елдері сыртқы істер министрлерінің Астанада өтіп жатқан кездесуінде Лавров ұйымның "анық түсіндірме берместен" Ресей мен Иранның Сирияның Идлиб провинциясындағы химиялық қару шабуылын тергеу туралы ұсынысын қабылдамай тастағанын мәлімдеді.

Лавровтың сөзінше, өзінің "батыстық әріптестері" OPCW-ге сарапшыларын шабуыл болған орынға жіберуіне тыйым салады. Лавров Идлибте Башар Асад әскері химиялық шабуыл жасады деген ақпаратты "жалған" деп атады.

Кеше OPCW басшысы Ахмет Узюмджю химиялық қару шабуылы кезінде зарин газы немесе соған ұқсас улы зат қолданылған деп мәлімдеген. Ұйым сарапшылары егер қауіпсіздік жағдайы ойдағыдай болса шабуыл орнына баруға әзір екенін айтқан.

Ресей қорғаныс министрлігі OPCW зерттеуінің нәтижелерін "асығыс тұжырым" деп атаған. Ресей мен Иран шабуылды тексеретін тәуелсіз комиссия құруды ұсынған. Бірақ OPCW-ның атқару кеңесі кеше көпшілік дауыспен бұл ұсынысты қабылдамай тастаған.

Сирияда Идлиб провинциясының Хан-Шейхун қаласында 4 сәуірде химиялық қару қолданылған болуы мүмкін шабуылдан 80-нен астам адам қаза тапқан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG