Accessibility links

Бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қамау мерзімі ұзарды


Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Арыстанбек Мұхамедиұлы.

13 ақпанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлын қамау мерзімін ұзартты. Ол 2022 жылы мамыр айында қамауға алынған. Жемқорлықпен күрес қызметі оны "бюджеттің 146 миллион теңге қаржысын жымқыруға қатысты" деп санайды.

2022 жылдың басында жемқорлықпен күрес қызметі Ұлттық музейдің лауазымды қызметкерлері мен "өзге де" тұлғалар" "Алтын адамның әлем елдеріне шеруі" атты халықаралық көрме өткізу үшін өткізілген мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасасқанда, бюджеттің 146 миллион теңге қаржысын жымқырды" деген күдікпен тергеу бастаған. Ведомство мәліметіне қарағанда, келісімшарттың жалпы сомасы – 1,2 миллиард теңге.

Бұрынғы министрдің қамалғаны туралы ақпарат шыққан соң, мамыр айында әлеуметтік желіде "Мұхамедиұлының президентке үндеуі" жарияланған. Үндеуде бұрынғы шенеунік тағылған айыпты жоққа шығарып, оны өзіне қақпан құрып жүрген кейбір адамдардың ісі деп бағалаған.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2014-2019 жылдары Қазақстанның мәдениет және спорт министрі қызметін атқарған. Министр кезінде әлденеше рет мәдениет қайраткерлерінің сынына ұшыраған. 2016 жылы Қазақстаның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны "елдің рухани әлеуетінің дамуына үлес қосқаны үшін" "Парасат" орденімен марапаттаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG