Accessibility links

Әскери прокуратура: Жамбыл облысында қайтыс болған сарбаз сексуал зорлық көргені расталған жоқ


21 ақпанда Қазақстаның бас әскери прокуратурасы Жамбыл облысындағы Шөлдала шекара заставасында қайтыс болған Бекбол Мираштың сексуал зорлық көргені туралы мәлімет расталмағанын хабарлады.

Әскери прокуратураның хабарында "сарбазды өз-өзіне қол салуға жеткізген" деген күдікпен аталған заставаның әскери қызметкері тергеліп жатқаны айтылған. Тергеу мәліметіне қарағанда, Бекбол Мирашты да, басқа сарбаздарды да күдікті үнемі ұрып-соғып, қорлаған. Әскери қызметкер қамауға алынған.

Прокуратура адвокаттардың тәртіп комиссиясы күдіктінің адвокаты, қылмыстық іс бойынша кей жайттарды жариялаған Сержан Пірәлиев әрекетін арнайы қарастыратынын мәлімдеген.

Өткен айда Пірәлиев өлген шекарашы "сексуал зорлық пен бопсаға ұшыраған" деп мәлімдеген еді. Сараптама нәтижесін алға тартқан адвокат сарбаздың аузы мен ішкиімінен бірнеше ер адамның биоматериалы табылғанын хабарлаған. Адвокаттың сөзінше, оның ішінде өз қорғауындағы күдіктінің ДНҚ-сы болмаған. Ішкі істер министрлігі "адвокат этиканы бұзды", "шындыққа сай келмейтін тұжырым ойлап тапты" деп айыптаған.

2022 жылғы 19 тамызда қатардағы жауынгер Бекбол Мираштың Шөлдала шекара заставасында асылып қалғаны мәлім болған. Оның туыстарына командирлері "жүретін қызымен ұрсысып қалған соң, өз-өзіне қол салған" деп хабарлаған. Бекбол Мираштың туыстары оны әскердегі әлімжеттіктен өлді деп есептейді.

Қазақстан қорғаныс министрлігі Бекбол Мираштың өлімі "қарулы күштерге қатысы жоқ" екенін мәлімдеген. Алайда қарулы күштер қатарында өлім-жітім көбеюіне байланысты "әскерде кісі өліміне жол бермеу" дейтін бағдарлама қабылдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG