Accessibility links

Декларацияда кітабын көрсетпегені үшін жас жазушыны Алматы мәслихатына үміткерліктен шығарып тастаған


Алматы қаласының №7 округтік сайлау комиссиясы қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Ілияс Юсупжановты декларацияда интеллект меншігі ретінде кітаптарын көрсетпегені үшін сайлаудан шығарып тастаған, – деп хабарлайды "Власть" басылымы.

Басылымның жазуына қарағанда, Юсупжанов мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген соң, оны мемлекеттік кірістер департаменті шақырып, декларацияда кітаптарын не себептен көрсетпегенін сұраған. Бірнеше күннен кейін оған кандидатурасы сайлаудан алып тасталғаны хабарланған.

"Иә, менің кітабым бар, бірақ мүліктік емес құқықтар декларацияға кірмейді. Ол кітапты сату, тарату туралы келісімшарттар бастапқы декларацияда көрсетілген. Менің жұмыстарымды әрі қарай таратумен баспа айналысады" дейді Юсупжанов.

Юсупжанов аумақтық сайлау комиссиясы мен мемлекеттік кірістер департаментіне (салық инспециясы) шағымданған. Ол Instagram-дағы парақшасында үгіт-насихат постысын жариялаған сайын, дереу мемлекеттік кірістер департаменті шақыратынына таңырқайды.

20 жастағы Ілияс Юсупжанов мәслихат сайлауындағы ең жас кандидат болды. Қазіргі дейін төрт кітабы жарияланған ол Сүлейман Демирел атындағы университеттің халықаралық құқық факультетінде оқиды.

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 19 наурызда өтеді. Бұл сайлауда саяси партиялардан өзге, бірмандатты округтерден де депутаттар сайланады. Билік мұны саяси кеңістікті либералдау деп түсіндірген. Алайда тәуелсіз сарапшылар мен билікті сынаушылар шынайы бәсекеден гөрі бәсекенің имитациясы ғана байқалады, сайлауды бақылау мен дауыстарды санау биліктің қолында деп есептейді.

Бірмандатты округтерден сайлауға қатысқысы келген кейбір белсенділерді түрлі себеппен тіркемей қойған.

Алматы қаласындағы №4 сайлау округінен мәжіліс депутаттығына түсіп жатқан актер Тұңғышбай Жаманқұловтың кандидатурасы да алынып қалғаны мәлім болды.

Мәжіліс депутаттығына кандидат Сұлтан-Хан Жүсіпті меншігіндегі мүлкін декларацияда көрсетпеді деп шеттеткен. Ол мүлік Сұлтан-Хан Жүсіптің меншігінен шыққанымен, кейбір құжаттарда "меншік үлесі бар" деп көрсетілгенін алға тартқан.

Мәжіліс депутаттығына тағы бір кандидат, Астана қалалық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиевті де "декларациясы дұрыс емес" деп сайлаудан шығарған.

26 ақпанда белсенді Әсия Төлесова мен оның анасы Жанар Жандосованы да "декларациясы дұрыс емес" деген себеппен Алматы мәслихаты депутаттығына кандидаттықтан алып тастаған. 2016 жылы да Әсия Төлесованы осы себеппен сайлаудан шеттеткен.

Қаңтар оқиғасы бойынша үйқамаққа алынған алматылық белсенді Қосай Маханбаев та сайлаудан шығарылған. Аумақтық сайлау комиссиясы мұны "тергеуге қысым жасаудан сақтану" деп түсіндірген. Қаңтар оқиғасы бойынша қамауда отырған Әйгерім Тілеужанға да осыған ұқсас жауап берілгенімен, ол Жоғарғы сотқа шағымданып, мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде сайлауға қатысуына кедергі жоқ деген жауап алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG